
21 сәуір күні Қазақстандық қоғамдық даму институтының алаңында «Ұлттық құрылтай – қоғамдық диалогтың жаңа моделі» атты «Sarap» эксперттік клубының отырысы өтті.
Шараны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды.
Отырысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері мен ҚҚДИ сарапшылары қатысты.
Эксперттік клубтың қатысушылары Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында бастамашылық еткен «Ұлттық құрылтай» жаңа қоғамдық институтының іске асырылуын талқылады. Атап айтқанда, қазіргі замандағы Ұлттық құрылтайдың негізгі аспектілері қарастырылды.
Іс-шара «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасы Қазбек Майгельдиновтың модераторлығымен өтті. Ол жаңа құрылым Ұлттық кеңестердің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастыратыны туралы Президенттің тезисін атап өтті:
«Жаңа институттың рөлі мен міндеттері ерекше және Жаңа Қазақстанды құруда тарихи маңызға ие. «Ұлттық құрылтай» қоғамдық диалогтың бірыңғай моделін қалыптастырып, билік пен халық арасын байланыстырушы көпірге айналуы тиіс. «Ұлттық құрылтайдың» басты мақсаты – жалпыұлттық диалогтың шекарасын кеңейту», – деді ҚҚДИ басшысы.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин өз сөзінде кешегі қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанның басқаша дамуы керек екендігін атап өтті:
«Құрылтайдың ең бірінші мақсаты – бүкіл Қазақстан халқына қажетті дүниелерді күн тәртібіне шығару. Сол мәселелермен айналысу. Партия белгілі бір топтың ғана мүддесін қорғайды және оның мақсаты – билікке келу. Ал, құрылтайдың мәселесі билікке келу емес. Сол билікті елдің ішіндегі қордаланып, қатып қалған, сіңірі шыққан мәселелерді көтеріп соны шешкізуге итермелеу», – деп қорытындылады Еділ Жаңбыршин.
Өз кезегінде «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Саясат Нұрбек елімізде жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруда «Ұлттық құрылтай» құрудың маңыздылығын атап өтті:
«Ұлттық кеңес өз рөлін атқарды, біздің негізгі функциямыз – Президентімізге түрлі әлеуметтік топтардың үнін таза түрде ешқандай фильтрсіз жеткізу болды. Және де сол жеткен ақпараттарға, халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға керекті жауап қайтару, ол да үлкен міндет еді. Ұлттық құрылтай қоғамдық бақылаудың институционалды алаңы. Ол бүкіл біз құрған қоғамдық кеңестер, қоғамдық алаңдарды біріктіретін халық пен биліктің арасындағы байланыстың құралы».
Отырыс барысында сарапшылар жаңа институттың қандай функциялары мен өкілеттіктері болуы тиіс екендігі туралы өз көзқарасын айтып, пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ отырысқа қатысушылар қоғам мен мемлекет арасында тұрақты кері байланысты қалыптастыру жөніндегі қадамдарды талқылады.