Мадияр Қожахмет: жаңа бастамаларды жүзеге асыруда ҮЕҰ белсенділігі маңызды

Мадияр Қожахмет: жаңа бастамаларды жүзеге асыруда ҮЕҰ белсенділігі маңызды
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет азаматтық қоғамның рөлін нығайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.
 
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі қоғамдық-саяси реформалардың жаңа бағытын жариялады. Оның ішінде азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту маңызды. Бүгінде азаматтық қоғам институттарын қалыптастыру мен нығайтудың заңнамалық негізі қаланды, мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Республикада үкіметтік емес ұйымдар 22 мыңға дейін ұлғайды. Үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар арқылы қаржылық қолдау алады.
 
Өткен жылы Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 2 мыңға жуық әлеуметтік жоба іске асырылды, 500-ден астам ұйым одан әрі даму мүмкіндігіне ие болды.
 
«Қазіргі уақытта Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлік қызмет, қайырымдылық, Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»заң жобасы қаралуда. Оның аясында стратегиялық серіктестікті заңнамалық тұрғыдан бекітуді және енгізуді жоспарлап отырмыз, онда ірі ҮЕҰ ұзақ мерзімді негізде қоғамдық маңызды басымдықтарды іске асыру бойынша мемлекет тарапынан қолдау алады», - деді Мадияр Қожахмет.
 
Президент қоғамдық кеңестердің зор институционалдық әлеуеті бар екенін атап өтті. Қоғамдық кеңестер туралы заңнамаға өзгерістер енгізілді. Заңға енгізілген түзетулер Қоғамдық кеңестер қызметінің тиімділігін одан әрі жетілдіруге және арттыруға, олардың ашықтығын, тәуелсіздігі мен дербестігін қамтамасыз етуге бағытталған.
 
Заң қоғамдық кеңестердің мәртебесін нығайтуға және квазимемлекеттік сектордың 13 субъектісінде Қоғамдық кеңестер құруға мүмкіндік берді.
 
Бүгінде елімізде 253 Қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Оның ішінде 208 кеңес қайта құрылды.
Комитет төрағасының айтуынша, бүгінде қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды реформаларды әзірлеу мен іске асыруға барынша тарту үшін жағдай жасалуда. Республикалық және өңірлік деңгейлерде түрлі диалог алаңдары жұмысын бастады.
 
«Кез келген мемлекет әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуде сенімді серіктестікті талап етеді. Бұл тұрғыда қоғамның түрлі салаларының проблемаларын білетін ҮЕҰ-ға үлкен сенім артылады. Сондықтан ҮЕҰ белсенділігі біз үшін әрқашан үлкен маңызға ие», - деді М.Қожахмет.