Қазақстандағы азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-мен талқыланды

Қазақстандағы азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-мен талқыланды

Нұр-Сұлтанда Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілхановтың төрағалығымен ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері жөніндегі комитетінің төрағасы Әлия Ғалымова Қазақстан Республикасының азаматтық қоғамының алдағы алты жылға даму үрдісін айқындайтын, Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы жобасының негізгі тәсілдерін таныстырды.

Тұжырымдаманың жобасы азаматтық қоғам саласындағы заңнаманы дамыту мен жетілдіруді, мемлекеттік бағдарламалар мен бастамаларды әзірлеуге және іске асыруға қоғамдық қатысу жүйесін дамытуды, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатын дамытуға жәрдемдесуді, мемлекеттің, бизнестің және азаматтық қоғамның әріптестік жүйесін жетілдіруді, азаматтық қоғамның тұрақтылығын арттыруды көздейді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет үкіметтік емес ұйымдардың жастар жылы аясында мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қатысуы және жастарды әлеуметтік маңызы бар жобаларға тарту туралы ақпарат ұсынды.

Үйлестіру кеңесінің отырысына қатысушыларға «iKomek» орталығының үлгісі бойынша «109» мониторинг және ден қою қызметінің (төтенше емес жағдайларда) жұмыс істеу моделін тарату бойынша қабылданған шаралар туралы ақпарат берілді. Бұл шаралар бірінші кезекте ақпараттық ашықтықты арттыруға және халықпен кері байланысты жақсартуға бағытталған.

 «Ана үйі» қоғамдық қорының атқарушы директоры Балия Әкімбекова «Ана Үйі» ҚҚ мемлекеттік емес агенттігін құру мәселелерін белгілеп, шешу жолдарын  ұсынды.

Бұдан басқа, Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Асылбек Қожахметов, Қазақстанның жастар конгресінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов баяндама жасады, ал мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес секторлардың өкілдері талқылауға белсенді қатысты.

ҚР АҚДМ жанындағы Үйлестіру кеңесі отырысының қорытындысы бойынша ҮЕҰ мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленді.