Мәслихаттардың ашықтық және коммуникация мәселелеріндегі әлеуеті артады

Мәслихаттардың ашықтық және коммуникация мәселелеріндегі әлеуеті артады

Бүгін, 24 ақпанда онлайн форматта мәслихат депутаттарының республикалық конференциясы өтті.
Конференция Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының, Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің, Қазақстандағы Internews, USAID өкілдігінің, Фридрих Эберт атындағы қордың және Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бірлескен күшімен ҚР АҚДМ қолдауымен жүзеге асқан «Мәслихаттардың рөлі мен әлеуетін күшейту» жобасының қорытынды іс-шарасы.

Конференцияға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров қатысты. Ол өз сөзінде азаматтар мен БАҚ мәслихаттардың сессияларына, оның ішінде онлайн-форматтағы сессияларға да ешқандай кедергісіз қол жеткізуі тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте мәслихаттардың барлық шешімдері ашық түрде қолжетімді болуы керек.
"Келесі қадам бағалау әдістемесін әзірлеу және мәслихаттардың ашықтық рейтингін қалыптастыру болып табылады", - деді А.Умаров.

Конференция барысында сарапшылар мәслихаттардың ашықтығы бойынша халықаралық тәжірибе мен түрлі зерттеулердің нәтижелерін талқылады.
Қорытынды ұсынымдарға: ресми сайттарды 100% толықтыру; барлық сессияларды анонстау және қорытындылар туралы хабарлау; барлық сессиялардың онлайн-трансляциясын өткізу; көпшілік тыңдаулар құралын белсенді пайдалану; тұрақты комиссиялардың жұмысы туралы көбірек ақпарат беру; депутаттар туралы байланыс ақпаратын беру; әлеуметтік желілерде ресми парақшаларды ашу және т. б. мәселелер кірді.