
2022 жылғы 16 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының (бұдан әрі – ҚЭЗИ) этносаяси дискурсы алаңында онлайн форматта «Қазақстанда ұлтты қалыптастырудың негізгі аспектілері» тақырыбында сарапшылық кездесу өтті.
Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қанат Нұров, ҚР АҚДМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Еуразиялық интеграция институтының өкілдері, сондай-ақ ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің және Ғылыми-сарапшылық топтарының, ҚЭЗИ жанындағы сарапшылық тобының мүшелері және басқа да мүдделі сарапшылар қатысты.
Кездесу барысында Қазақстанда ұлтты қалыптастырудың негізгі тенденциялары мен факторлары, бірыңғай азаматтық тұтастықты қалыптастыру тұрғысынан Қазақстанда бүгінгі күні іске асырылып жатқан ұлтты қалыптастыру саясатының тиімділігі, сондай-ақ қазіргі кезде қазақтар үшін ұлттық идеяның өзектілігі мәселелері талқыланды.
Дискурстың спикері профессор Жамбыл Артықбаев «ұлттың қалыптасуына емес, оның қайта форматталуына назар аудару қажет» деп есептейді; ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қанат Нұров «барлық күш-жігерді тарих ғылымын, ұлттық идеяны, азаматтық бірегейлікті дамытуға, мемлекеттік тілді жаңғыртуға және басты факторлардың бірі – қалың бұқараға түсінікті әрі қолжетімді сапалы этнотерминологияны кеңейтуге бағыттау қажет» деген пікір білдірді.
Шара барысында спикерлер қатысушылардың түрлі сұрақтарына белсенді жауап беріп отырды. Өз кезегінде тындаушылар пікір алмасып, талқыланған мәселе бойынша өз ойларын білдірді.