
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2021 жылы басталған Үкіметтік емес ұйымдарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету тетіктерін жетілдіру жұмыстарын жалғастыруда.
Атап айтқанда, азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесе отырып гранттар беру және оларды іске асыру мониторингін жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Гранттық жобаларды іске асырудың ашықтығы мен тиімділігіне баса назар аударылды. Осылайша, 2021 жылдан бастап сарапшыларды іріктеу және грант алушыларды анықтау жөніндегі сараптама комиссиясының отырысы оператордың әлеуметтік желілерінде тікелей эфирде көрсетіледі.
Гранттық қаржыландыру тетіктерін жетілдіру бойынша заң жобасы дайындалды. Ол қазіргі уақытта ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында. Заң жобасында нақты сметалар мен жобалар бойынша емес, жобалардың бағыттары бойынша түрлі пулдармен ҮЕҰ гранттарының бюджетін жоспарлау форматын қайта қарау ұсынылады. Сондай-ақ, гранттық тақырыптарды іріктеудің тиісті тетігін қамтамасыз етуге, қаржыландыруды реттеуге және әкімшілендіру процестерін жақсартуға мүмкіндік беретін гранттар жүйесін енгізу ұсынылады.
Сонымен қатар, ҮЕҰ көтерген проблемалық мәселелерді назарға ала отырып, министрлік Қазақстанның Азаматтық альянсымен бірлесіп ҮЕҰ-дарды мемлекеттің қаржысы есебінен қолдау тетіктерін трансформациялау бойынша жұмысты бастады.
Жұмыс бірнеше бағыт бойынша жүргізілетін болады.
Бірінші – өңірлік Азаматтық альянстар аясында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қайта қалыптастыру және гранттық қаржыландыру бойынша ұсыныстар жиналатын болады.
Екінші – жиналған ұсыныстардың қоғамдық талқылаулары өтеді.
Үшіншісі – азаматтық қоғам саласындағы сарапшылардан, ҮЕҰ мен мемлекеттік органдардың өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылып, оның шеңберінде заңнамалық және нормативтік өзгерістердің нақты топтамасы әзірленетін болады.
Сонымен қатар, ҮЕҰ өз ұсыныстарын Азаматтық қоғам істері комитетінің ресми электрондық поштасына (a.mukhamedzhanov@qogam.gov.kz ) 2022 жылғы 1 наурызға дейінгі мерзімде жолдай алады.