
Бүгін Астана қаласындағы Назарбаев университетінің конференц-залында «Әдебиет порталы» интернет-жобасы жаңа нұсқасының тұсаукесер рәсімі өтті.
Шараға ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары және Астанадағы ЖОО ректорлары, жетекші БАҚ басшылары, қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Кеш барысында министр Дәурен Абаев, Мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Төлен Әбдік, сондай-ақ елге танымал қаламгерлер қазақтың классик ақындарының өлеңдерін оқыды.
Үш жылдан бері қызмет етіп келе жатқан порталдың жаңа дизайнмен шыққан нұсқасы көптеген артықшылығымен ерекшеленеді. Біріншіден, порталдың визуалдық келбеті заманға сай өзгертіліп, оқырманға жеңіл әрі жан-жақты қызмет түрлері ұсынылып отыр. Екіншіден, кез келген қолданушы жеке блогын ашып, онда әлеуметтік желідегі сияқты еркін пікір алысуға жағдай жасалды. Үшіншіден, порталдың мобильдік нұсқасы қолданысқа енгізіліп, кез келген смартфоннан әдеби өмірді бақылап отыруға мүмкіндік туды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне қарасты «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталы» – заманауи ақпараттық технологиялар жетістігін пайдалана отырып, қазақ әдебиетін насихаттау, оқырмандар мен қаламгерлер арасындағы әдеби байланысты жандандыру, контенттік қолдау көрсету, түрлі шығармашылық іс-шараларды ұйымдастыру миссиясын жүзеге асырып отырған, Орта Азия кеңістігіндегі тұңғыш ғаламторлық бірегей әдеби жоба.
Портал отандық рухани өнімдердің сандық форматтағы базасын құру, қазақ, орыс және өзге тілде жазатын қазақстандық қаламгерлердің шығармашылығын насихаттау, жалпы әдеби үдерісті жандандыру арқылы қоғамда биік талғамның, мемлекетшілдік ой-сананың қалыптасуына игі ықпал жасауды көздейді.
Қазіргі уақытта порталда 4 мыңнан аса кітап, 3 мыңнан астам автордың жеке парақшасы бар. «Әдебиет порталында» балалар мен жасөспірімдер де ерекше назарға алынды. Оларға арналған аудиокітаптар мен танымдық энциклопедиялар, ертегілер мен аңыздар топтастырылған.
«Әдебиет порталының» жаңа нұсқасы – мәдениетіміз бен әдебиетімізді насихаттау ісінде зор үлес қосатын ерекше жоба деуге толық негіз бар.