Нұр-Сұлтанда осымен төртінші шіркеудің алғашқы тасы қаланды

Нұр-Сұлтанда осымен төртінші шіркеудің алғашқы тасы қаланды

2019 жылдың 12 мамыр күні елорда төрінде православие христиандарының ғибадат етуіне арналған үлкен шіркеудің құрылысы басталып, алғашқы тасы қаланды.

Салтанатты іс-шараға әртүрлі елдерден келген қонақтар қатысты. Олардың ішінде Ресей, Эстония, Молдова, Украина және басқа Еуропа елдерінің архипастырьлары бар.

Сондай-ақ, іс-шараға Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Астана және Қазақстан митрополиті Александр, Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкин, Беларусь Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Анатолий Ничкасов, Сербияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Владан Матич, Грекия Елшісі Александрос Катранис, этномәдени және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың айтуынша, болашақ шіркеудің алғашқы тасын салу салтанаты Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллдің игілігіне ие болды. Бұл күні елордамызға Православиенің ұлы храмы, Құдайдың анасы ғажайып Феодор белгішесі келді. Аса қасиетті Құдай  ана белгішесі біздің заманымызға дейін сақталып келе жатқан әлем мәдениеті мен тарихының ең ежелгі қазынасының  бірі  болып табылады.

Отбасындағы тыныштық пен өскелең ұрпақ тәрбиесін бейнелейтін Феодор белгішесінің Қазақстан жеріне келуі Православие шіркеуінің Қазақстанның Жастар жылына қосқан үлесі іспетті.

Белгіше 12 мамыр мен 14 мамыр аралығында Успен кафедралы соборында тұратын болады.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бұл шіркеу құрылысына кезінде Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келісімін бергенін атап өтті.

«Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ислам мен православие - бұл ортақ үйіміздегі рухани келісімнің екі тірегі екенін үнемі айтып отырады. Еліміз әрдайым әр түрлі дін өкілдері мен мәдениеттердің ортақ үйі болып қала бермек. Қазақстан аумағында сан алуан этностардың өкілдері бірлік пен татулықта тұрып жатыр. Олардың барлығы өздерінің діни рәсімдерін өткізіп, ғибадатханаларын сала алады. Оның ішінде орыстың православие шіркеуі талай жылдар бойы қоғамның рухани құндылықтарын күшейтуге өз үлесін қосып, дінаралық келісімді насихаттауда мемлекеттің сенімді серігі болып келе жатқаны жасырын емес. Жалпы, православие шіркеуі еліміздегі дінаралық келісімді күшейтуге өз үлесін қосып келеді», - деді Дәурен Абаев.

Жаңа шіркеу Сығанақ көшесінің бойымен Жағалау тұрғын үйіне жақын жердегі көлдің жағасында орналасатын болады. Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың айтуынша, шіркеу құрылысының жобасы әзірлену үстінде. Үш жыл ішінде құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.