
2021 жылғы 12 қарашада Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы Жастар ұйымдарын дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Үйлестіру кеңесінде Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Умаров, Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, республикалық жастар ұйымдарының басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері және ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты, ҚР Президенті жанындағы Әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторинг орталығы және «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері қатысты.
«Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасын Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктері әзірледі және ұлттық-мәдени сәйкестікті сақтауға және мәдени өнімдердің сапасы мен алуан түрлілігін ынталандыру, арттыру арқылы әрбір қазақстандықтың көркемдік-шығармашылық әлеуетін іске асыруға, сондай-ақ жас ұрпақтың рухани - адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған», - деп А. Умаров атап өтті.
Өз кезегінде Ш. Байманов «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының «Тәуелсіздік ұрпақтары» үшінші бағытын таныстырды.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» үшінші бағытында жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді дамытуға, жастарды әлеуметтендіруге және жұмысқа орналастыруға, жастарды қоғамдық пайдалы қызметке тартуға бағытталған нақты міндеттер белгіленді.
Біздің ортақ міндетіміз - жалпыұлттық жобаны қоғамға толыққанды жеткізу және оның өзектілігін дұрыс түсіндіру», - деп
Ш. Байманов атап өтті.
Сонымен қатар, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторинг орталығының сараптамалық - талдау тобы басшысының орынбасары А. Құсманов жастар үшін айтарлықтай қолдау болатын тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламалардың өзектілігін атап өтті. Сондай-ақ, оларға стартап-жобалар туралы көрсеткіш бойынша әсерді одан әрі күшейту үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттары берілгеннен кейін қосымша жұмыс орындарын құру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы
И. Рыстина «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасындағы балалар тұтынатын мемлекеттік тілдегі контентті арттыру үшін танымал мультипликациялық және танымдық арналарды қазақ тіліне аудару бойынша алдағы уақыттағы жұмыстың көрсеткішінің маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара соңында А. Умаров Ұлттық жобаның барлық міндеттері көрнекі нәтижелерге қол жеткізуге және жобалық басқару ережелерін енгізуге бағытталғанын атап өтті.