
Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтановтың халыққа есеп беру жиынына қатысты.
Іс-шара шеңберінде Министр облыс тұрғындарына Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы экономиканы дамытудың бес негізгі басымдығы жөнінде айтып өтті.
Қазіргі уақытта Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Президент тапсырмаларын орындау бойынша жұмыстарды белсене атқаруда. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасын Үкіметке ағымдағы жылдың мамыр айында енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар, Мемлекеттік корпорация арқылы халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесін жыл соңына дейін 85%-ға жеткізу көзделуде.
Сондай-ақ, ведомство басшысы 2017 жылға арналған жоспардың аясында Министрлік іске асыруға кіріскен 2 миллионнан астам адам тұратын мың үш жүзге жуық ауылды оптикалық-талшықты желімен қамту жобасына тоқталды. Бұл қадам арқылы ауыл тұрғындарының кең жолақты интернетке қолы жететін болады.
СҚО-ға сапары барысында Министр «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үйлер құрылысының барысымен танысты. 2016 жылы Солтүстік Қазақстан облысында 164 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл 2015 жылғымен салыстырғанда 17%-ға көп. Сонымен қатар, ол Киров атындағы зауытта 3D-принтерлер мен OTAU-TV ресиверлерін өндіретін цехтың жұмысымен танысты.