Министр Абаев Жолдауды жүзеге асыруға қатысты жоспарлар туралы баяндады

Министр Абаев Жолдауды жүзеге асыруға қатысты жоспарлар туралы баяндады

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында белгіленген міндеттердің орындалу барысын баяндап, сондай-ақ ағымдағы жылға арналған жоспарлармен бөлісті.     

Оның айтуынша, Министрлік қазіргі уақытта «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына қатысты жұмыстарды белсене атқаруда. Министрлік бағдарлама жобасын Үкіметке осы жылдың мамыр айында енгізуді жоспарлауда.        

Сонымен қатар, ол Министрліктің мың үш жүзге жуық ауылды оптикалық-талшықты желімен қамтамасыз ету жобасын іске асыруға кіріскенін айтты. Осының арқасында 2 миллионнан астам адам кеңжолақты интернетке қол жеткізбек. Бұл жобаны 2020 жылға дейін мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында жүзеге асыру көзделуде.

Сондай-ақ, биылғы жылы Астанада халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі өтетіні белгілі. Президент тапсырмасына сай көрме насанының бірі шара аяқталғаннан кейін халықаралық IT-стартаптар технопаркін құруға пайдаланылады.

Биылғы жылы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп мемлекеттік қызметтерді барынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына беруді іске асырмақ. 2017 жылдың соңына дейін Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілетін қызметтер үлесін 85%-ға ұлғайту жоспарлануда.

Халықты мемлекеттік қызметпен кеңінен қамту үшін осы жылдың І тоқсанында мемлекеттік қызметтерді «Қазпоштаның» 2 мыңнан астам ауылдық бөлімшесі арқылы ұсыну жобасын іске қосу көзделуде.