Еліміздің барлық өңірлік ішкі саясат басқармаларынан 100-ден астам қызметкер азаматтық қоғамды дамыту саласында кәсіби дағдыларды жетілдіру бойынша теоретикалық-практикалық семинарға қатысты.
Семинар барысында тәуекел топтарымен жұмыс істеу ерекшеліктері, ҮЕҰ мемлекеттік қаржыландыру тетіктері, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету, сондай-ақ халықпен коммуникация сұрақтары қаралды.
Семинардың спикерлері ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының, Red Point маркетингтік коммуникациялар қызметінің кәсіби сарапшылары мен тренерлері Меруерт Жүнүбек, Жасұлан Бисембиев, Тоғжан Зейденова, Дулат Өтеғали, Әсел Қожақова болды.
"Семинарда дағдарыс жағдайында өзін қалай ұстау, тиімді шешімдер қабылдау, жағдайды талқылау туралы пайдалы, қажетті білім берілді", - деп атап өтті семинарға қатысушылардың бірі, Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының саяси жұмыс және қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әсем Әзірбаева.