
Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі парламентарийлердің Азиялық Форумының төрағасы, Жапония Парламенті кеңесшілер палатасының депутаты Кейдзо Такемиді қабылдады.
Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов, Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Итиро Кавабата, Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі парламентарийлердің Азиялық Форумының атқарушы директоры Мика Марумото қатысты.
Нұрлан Ермекбаев: «Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі парламентарийлердің Азиялық Форумымен Қазақстан мемлекетінің арасындағы өзара ықпалдастықтың нығайып келе жатқандығына тоқатала келе, көпжақты және екі жақты форматтағы кездесулер және тұрақты түрде бірлесіп өткізілетін консультациялар- сенімді әріптестіктікке жол ашады- деді.

Министр өзі жетекшілік етіп отырған ведомстваның қызметіне, оның ішінде жастар саясаты саласына ерекше тоқталып өтті.
Біздің басты міндетіміз- жастардың мүмкіндіктерін дамытуға барынша мүмкіндік жасау. Мұндағы мақсатымыз «әлеуметтік лифтілер» жобасын іске асыру арқылы жастарға қолдау білдіру болып табылады. Біз жастарымыздың отансүйгіш, білімді, әлеуметтік деңгейінің жоғары болғандығын қалаймыз- деп атап өтті Н.Ермекбаев.
Айта кетерлігі, Азиялық Форум жұмысының басты мақсаты- барша Азия тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бойынша бастамалар көтеру болып табылады. Оның ішінде жастарға жағдай жасау мәселесі де назардан тыс қалмаған.
Министрдің сөзінше, Қазақстан басқа мемлекеттердегі жастар ұйымдарымен белсенді әріптестік орнатқан. Мәселен, 12 мемлекетпен екіжақты келісім бекітіліп, Сербия және Үнді елімен әріптестік жөніндегі меморандум әзірленуде. Қазақстанның Жастар ұйымдары ТМД мемлекеттері жастар саясаты жөніндегі Кеңесіне, АӨІСШК (Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары Кеңесіне) және ШЫҰ-на мүше.

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Жапониялық тарапқа жаһандану үрдістерін зерттеу, ғылыми еңбектер мен әдебиеттер дайындау, ұлттық мәселелерге әлеуметтік зетттеулер жүргізу салаларында бірлесіп жұмыс істеу туралы ұсыныс білдірді. Сондай-ақ осындай бастамалардың арқасында Азия жастары өзара ақпарат алмасып, қызмет барысында тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады-деп атап айтты.
Кездесу соңында Нұрлан Ермекбаев және Кейдзо Такеми алдағы уақытта әріптестікті одан әрі дамытуға уағдаласты.