«Студенттер үйі» республикалық акциясы іске қосылды

«Студенттер үйі» республикалық акциясы іске қосылды

2019 жылдың 3 маусымында Орталық коммуникациялар қызметінде «Жастардың өзін-өзі басқару органдарының жүйесін дамыту» атты әлеуметтік жоба аясында «Студенттер үйі 2.0»  акциясының   таныстырылымы өтті.

Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Шахмардан Байманов, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының төрағасы Батима Мукина  және Қазақстан студенттер Альянсының Президенті Ілияс Түстікбаев, сондай-ақ «Ха-Ха шоу» жобасының өкілдері Ақсұлтан Қалиев пен Заңғар Зекенов қатысты.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Шахмардан Баймановтың айтуы бойынша, жоба студенттердің өмір сапасын толыққанды жетілдіруге бағытталған.

«Жастар жылының шеңберінде «Қазақстан студенттерінің альянсы» Республикалық студенттік қозғалысы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Студенттер үйі 2.0» жобасын іске қосты. Акцияның басты мақсаты – жатақханаларда тұратын студенттердің қоғамдағы белсенділігін арттыру, азаматтық рөлі мен жауапкершілігін дамыту, қоғам игілігіне студенттердің тұлғалық және интеллектуалдық, потенциалдық мүмкіндіктерін дамытуға жағдай жасау болып табылады», - дейді спикер.

Қазіргі таңда елімізде 500 мыңнан астам студент еліміздің жоғарғы оқу орындарында білім алуда, олардың кемінде 40% басқа елді мекендерден қоныс аударып, жатақхана тапшылығын сезінеді.

«Бұл науқан екі кезеңде өтеді. Маусым-қараша айларында 100 мыңнан астам студенттер арасында сауалнама жүргізіледі. Жиналған пікірлер негізінде қорытынды жасалынады. Сауалнамалар негізінде құрылған АСК және АҚДМ ұсыныстары тиісті уәкілетті органдарға берілетін болады», - деп атап өтті, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының төрағасы Батима Мукина.

Сараптама жүргізу үшін арнайы сайт жасалынатын болады. Онда студенттер өз жатақханалары туралы пікір қалдыра алады. Қазақстан студенттер Альянсының Президенті Ілияс Түстікбаев түсіндіргендей, бұл жасырын немесе ашық түрде жасалуы мүмкін.

«Биыл барлық республика аймағындағы студенттерге сайт іске қосылады. Сол сайттың ішінде кез келген студент анономді түрде немесе ашық түрде өздерінің шағымдарын, ұсыныстарын айта алады. Сол жерде қорытынды рейтингтер жарияланатын болады», - Ілияс Түстікбаев.

Анықтама: Қазіргі уақытта еліміздің 124 университетінде 542 458 студент білім алуда. Оларға арнап 82 мыңнан астам студент тұратын 251 жатақхана жұмыс істейді. Бұдан басқа, 769 колледжде 229 044 студент  оқиды. Оның ішінде 439 жатақханада 46 мыңнан астам студент тұрады.