
Бүгін, Конституция Күні қарсаңында, құқықтық ағарту бойынша «Тәуелсіздіктің тірегі - Ата заң!» атты жастарға арналған онлайн-семинар өтті.
Іс-шараға ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің, ҚР ӘМ Заңнама және құқықтық ақпарат институтының, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, «Жас заңгерлер палатасы» қоғамдық бірлестігінің, Жастар ресурстық орталықтарының басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Семинар барысында спикерлер қолданыстағы Конституцияның жобасын әзірлеу кезіндегі Қазақстанның конституциялық құрылысында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше рөлін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі қолданыстағы ҚР Конституциясы 1995 жылы бүкілхалықтық референдум барысында қабылданған болатын.
Сонымен қатар, шара барысында спикерлер жастардың құқықтық мәдениетін арттыру бойынша жұмыс тетіктері мен әдістерін жетілдіруге бағытталған танымдық және қолданбалы кейстерді, сондай-ақ қазақстандық құқықтың даму тарихы мен негізгі кезеңдерін ұсынды.
Іс-шара соңында ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің Төрағасы Шахмардан Байманов Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында жастардың өз әлеуетін арттырып, оларды дамыту үшін қажетті құқықтық жағдайлар мен мүмкіндіктер жасалғанын айтып қорытындылады.
Семинардың ұйымдастырушылары – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Партиялы емес бақылау орталығы» РҚБ.