«Қайырымды істер марафоны» жобасының көшбасшылары: Павлодар облысы

«Қайырымды істер марафоны» жобасының көшбасшылары: Павлодар облысы

«Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында Павлодар облысында бірінші жартыжылдықта 2000-ға жуық қайырымдылық акциялары мен іс-шаралары өтті.
Қазіргі уақытта Павлодар облысы «Қайырымды істер марафоны» жобасының ең белсенді үш аймағының қатарына кіреді.
Жалпыұлттық жоба басталғалы бері облыстағы жергілікті меценаттар мен волонтерлер жалпы сомасы 420 миллион теңгеге қайырымдылық көмек көрсетті. Бұл туралы онлайн-брифинг барысында «Жастар бастамаларын дамыту орталығы» КММ басшысы Төлеген Айтбаев мәлімдеді.

Атап айтқанда, «Богатырь-Көмір» ЖШС Екібастұз қалалық мешітінде қыстың қатты аязында құбыр желісі жарылғаннан кейін сумен қамту жүйесін жөндеп, жаңа құбырларды орнатып берді.
«Компания қалалық мешіттің жылумен қамту жүйесі үшін 2 млн теңгелік биылғы қарызын жауып берді. Дәл осындай 600 мың теңгелік көмек Иверско-Серафимовский соборына да көрсетілді. Сондай-ақ, компания православ соборының жексенбілік мектебінің жаңа ғимаратының асханасына ас үй құрылғыларын алу үшін 4 млн теңге бөлді», - деп хабарлады «Богатырь-Көмір» ЖШС компаниясының өкілдері.
Сонымен қатар, Павлодар облысының корей этномәдени орталығы аз қамтылған отбасыларға көмір мен азық-түлік жеткізуді ұйымдастырды. Марафонға Павлодар мұнай-химия зауыты, «Қазақстан алюминийі», «KSP Steel» ЖШС, «Нұр ана әлемі» ҚБ және басқалары қатысты.

Павлодар облысында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасына бірінші жартыжылдықта 50-ге жуық коммерциялық ұйым мен жүзден аса қоғамдық бірлестік қатысты.

Еске сала кетейік, «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы Мемлекет Басшысы Қ.К. Тоқаевтың бастамасы бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мұрындық болуымен жүзеге асырылуда.