«Қайырымды істер марафоны» шарасына театрлар мен музейлер белсенді қатысуда

«Қайырымды істер марафоны» шарасына театрлар мен музейлер белсенді қатысуда

«Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы іске қосылған сәттен бастап елде сегіз мыңға тарта қайырымдылық акциясы өткізіліп, оған волонтерлер, кәсіпкерлер мен жақсылыққа жаны құштар азаматтар қатысты. Бұл игі істерден театрлар мен музейлер де қалысқан жоқ. Өткен айда ғана қайырымдылық көріністер аясында елдегі мәдени мекемелерге 5000-ға тарта көрермен келді.

Қостанай облысының театрлары өз қойылымдарына халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған бөлігін, мүмкіндігі шектеулі жандарды, сонымен қатар ҰОС мен еңбек ардагерлерін тұрақты түрде шақырады. Маусым айында ғана қайырымдылық бастамалар аясында облыстық театрларға 300-ге тарта адам келді.

«Біздің театрда мұндай акциялар жиі өткізіледі. Көрерменіміздің белгілі бір бөлігі, 10%-на дейін – міндетті түрде атаулы әлеуметтік көмек алатын балалар, көпбалалы отбасылар, жасөспірімдер үйінен келетін жас өрендер. Сондай-ақ, біз қалалық мүгедектер қоғамымен серіктесіп, Қостанай оңалту орталығынан да пациенттерді қабылдаймыз. Сонда емделуге немесе сауығуға келетіндер біздің қойылымдарымызды тегін тамашалай алады», - деді Қостанай облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасына қарасты «Қостанай облыстық орыс драма театры» КМҚК әкімшісі Елена Старикова.

Театр өкілінің айтуынша, маусымда халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған тобының балалары 12 қойылымды тамашалаған. Әсіресе Ұлы Отан соғысы туралы қойылымдар балаларды ерекше қызықтырады. Сонымен қатар балалар ертегілер мен облыстық Білім басқармасы және Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен бірге жүзеге асырылған «Дұрыс тамақтан – денсаулығыңды нығайт» жобасын да ерекше ұнатады.

Жамбыл облысында облыстық музейдің қызметкерлері тұрақты түрде экскурсиялар мен ашық есік күндерін өткізеді. Кейінгі айда қайырымдылық жобалары аясында музейде халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған тобына жататын, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, қала мектептері мен жазғы демалыс лагерьлеріндегі балаларға, жалпы 150 адамға арнап тегін экскурсия өткізілді. Музейден атап өткендей, балалар мен ересектер мұндай жобаларды қуана қоштап, көрмелерді зор ынтамен тамашалайды.

«Таяуда ғана біз облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығының пациенттеріне арнап арнайы экскурсия өткіздік. Біз оларға музейдің экспозициялық залдарын көрсетіп, тарихи экспонаттарды, суретшілердің шығармаларын таныстырып, аймақтың тарихы мен мәдениеті жайында сыр шерттік. Біз тақырыптық және шолу экскурсияларын, викториналарды, лекциялар мен шеберлік сағаттарын жиі өткіземіз. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін алдын ала белгіленген жоспар бойынша арнайы бағдарлама әзірлейміз», - дейді Жамбыл облыстық тарихи-аймақтық музейдің «Экскурсиялық-бұқаралық жұмыстар» бөлімінің жетекшісі Сымбат Мизанбаев.

Еске сала кетейік, «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен осы жылдың ақпан айында басталған болатын. Жыл басынан бері марафонға 2,5 млн астам адам қатысты, нақты көмек 167 мың адамға көрсетілді.

Марафонға ниет білдірген кез келген азамат қатыса алады. Ол үшін өзінің жақсы істерін әлеуметтік желілерде #ҚАЙЫРЫМДЫІСТЕРМАРАФОНЫ #МАРАФОНДОБРЫХДЕЛ ресми хештегімен жариялауы керек. Ұйымдастыру жөніндегі барлық сұрақтар бойынша үйлестірушілердің мына нөміріне +7 701 513 55 00, +7 7172 79 15 32 немесе инстаграмдағы @qaiyrymdy_ister_marafony аккаунты арқылы хабарласуға болады.