1-23 маусым аралығында еліміздің 17 өңірінің 500-ден астам мемлекеттік қызметшілері үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру рәсімдерін түсіндіру бойынша онлайн семинарлар өтті.
Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша оқыту қажеттілігі туралы мәселелер ІХ Азаматтық форум және Қазақстан өңірлеріндегі ҚР АҚДМ стратегиялық сессиялары барысында көтерілген болатын.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл тетіктерінің бірі болып табылады және 16 жылдан астам іске асырылуда. Жыл сайын оны іске асыруға әртүрлі деңгейдегі 300-ден астам мемлекеттік органдар және 1000-нан астам ҮЕҰ қатысады. Сондай-ақ, 2000-нан астам әлеуметтік жобаларды іске асыруға 20 млрд.теңгеге жуық қаражат бөлінеді.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласында тұрақты негізде нормативтік база жетілдірілуде. Алайда, проблемалар өзекті болып қалуда. Олардың ішінде маңыздылардың қатарында - тақырыптарды қалыптастыру кезінде тұрғындардың қажеттіліктері мен сұраныстарын жөнді ескермеу, көпшілік алдында талқылауды елемеу, стандартты сақтамау және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың басқа да мәселелері.
Күтілгендей, оқыту семинарларының тақырыптары жергілікті атқарушы органдары өкілдерінің ерекше қызығушылығын танытты. Семинар барысында қатысушылар ұйымдастырушыларға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылады.
Семинарлардың тақырыптары мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру тәртібі мен рәсімдерін, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың әлеуметтік жобаларына мониторинг жүргізу мен бағалауды түсіндіруге бағытталды.
Оқытуды ұйымдастыру мемлекеттік қызметкерлер үшін де, ҮЕҰ үшін де бірыңғай алаң құруға, сондай-ақ жобалық басқарудағы ҮЕҰ сарапшылығын көрсетуге мүмкіндік берді.
Перспективада, Министрлік орталық мемлекеттік органдардың өкілдері үшін де осындай семинарлар өткізуді жоспарлап отыр.