Қазақстан мен Қырғызстан ақпарат және жастар саясаты саласындағы ынтымақтастықты дамытуда

Қазақстан мен Қырғызстан ақпарат және жастар саясаты саласындағы ынтымақтастықты дамытуда

Бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің орынбасары Салтанат Амановамен кездесу өткізді.

Кездесу қырғыз делегациясының Қазақстанға сапары шеңберінде Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің ақпараттық саясат қызметінің өкілдері, Қырғызстан киностудиялары мен мемлекеттік телекомпаниялары басшыларының қатысуымен өтті.

Тараптар телерадио хабарларын тарату және жастар саясаты саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын, оның ішінде бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері туралы талқылады.

Екі елдің мемлекеттік телеарналары Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының жетістіктері туралы деректі фильмдерді көрсету туралы келісімге келді.

Кемелбек Ойшыбаев қырғыз әріптестерін Министрліктің пандемия жағдайындағы, атап айтқанда, ақпарат саласындағы жұмысымен таныстырды.

Өз кезегінде Салтанат Аманова фейк ақпаратқа қарсы іс-қимыл бойынша қазақстандық тәжірибені, атап айтқанда «Stopfake.kz» порталының жұмысына қызығушылық білдірді.

Сонымен қатар, екі күндік сапар аясында қырғыз делегациясын «Қазмедиа орталығы» телерадиокешенінің, Орталық коммуникациялар қызметінің, «Хабар» агенттігінің және «Qazaqstan» РТРК жұмысымен таныстыру жоспарлануда.