АБҚО-ң конкурстық процедураларында мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңейеді

АБҚО-ң конкурстық процедураларында мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңейеді

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының алаңында «Мемлекеттік тілді ҮЕҰ мемлекеттік гранттарын тағайындау бойынша конкурстық рәсімдерде қолдану» тақырыбында онлайн-дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Максим Рожин, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім, «Ұлағат» Мәдениет және даму қорының төрайымы Қамажан Жұмақасова, п.ғ.д., «ҮЕҰ академиясы» ALMAU Саясат және құқық мектебінің профессоры Бақытнұр Отарбаева, тәуелсіз сарапшылар мен ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Болат Тілепов қазіргі уақытта әлеуметтік жобаларды іске асырумен белсенді айналысатын ҮЕҰ-ның басым бөлігі Нұр-сұлтан және Алматы қалаларында шоғырланғанын атап өтті. Ол өңірлердегі қазақтілді ҮЕҰ-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттігіне баса назар аударды. Оның пікірінше, қазақ тілді азаматтық қоғам институттарының әлеуетін нығайту мақсатында кәсібилендіру және біліктілікті арттыру бойынша жүйелі мамандандырылған жұмыс жүргізілуі тиіс.

Өз кезегінде Дос Көшім қазір елімізде мемлекеттік тілде белсенді жұмыс істейтін ҮЕҰ саны 15-20% - дан аспайтынын атап өтті. «Мұның негізгі себебі қазақ тілді ҮЕҰ 90-шы жылдардан бастап тиісті деңгейде қолдау таппаған. Біз ҮЕҰ-ға арналған қазақ тіліндегі оқулықтарды, әдістемелерді, құралдарды әзірлеу арқылы осы саланы дамытуға күш салуымыз керек. Елдегі азаматтық қоғам орыс тілді болып бара жатыр - бұл саяси тұрғыдан өте қауіпті», - деді ол.

Бақытнұр Отарбаева «ҮЕҰ академиясы» жобасын іске асыру шеңберінде ҮЕҰ-ның білім беру қызметтеріне мұқтаждығын бағалау бойынша зерттеу жұмысы жүргізілгенін хабарлады. Зерттеу қорытындысы бойынша елімізде 800-ге жуық ҮЕҰ оқытылады. Сонымен қатар, маусым айынан бастап ҮЕҰ өкілдеріне арналған «Өрелі ұрпақ» әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі іске қосылады.

Сондай-ақ сарапшылар мен ҮЕҰ өкілдері тарапынан ҮЕҰ арасында мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілді пайдаланатын ҮЕҰ мен сарапшылардың санын мен сапасын арттыру жөнінде ұсыныстар берілді. Дөңгелек үстелге қатысушылар осындай кездесулерді тұрақты негізде азаматтық бастамаларды қолдау орталығының алаңында өткізуге келісті.