«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының мәселелері туралы

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының  және  «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының мәселелері туралы

2021 жылғы 20 мамырда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының байқауын өткізу мәселелері бойынша брифинг өтті.

Брифингке ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев қатысты.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен отбасылық құндылықтарды, неке институтын нығайту бойынша кешенді жұмыс жүргізудің өзектілігін, сондай-ақ отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының маңыздылығын атап өтті.

Ш. Байманов Ұлттық байқауды өткізудің жаңа ерекшеліктері туралы айтты. Енді ағымдағы жылдан бастап байқауға қатысу өтінімдерін отбасылардың өздерінен басқа, жергілікті атқару органдары мен заңды тұлғалар да енгізе алады. Қоғамдық пайдалы қызметке қатысу (волонтерлік, қайырымдылық, меценаттық), жетім балаларға қамқоршылық, тәлімгерлік үздік отбасыларды айқындау бойынша іріктеу шарттарына енгізілді. «Өңірлік кезеңдердің барлық жеңімпаз-отбасылары үлгілі, жоғары еңбек, шығармашылық, зияткерлік жетістіктеріне ие болғандықтан, республикалық деңгейдегі байқау лауреаты атағы барлық 17 жеңімпаз отбасыға беріледі. Өтінімдерді өңірлік комиссиялар 2021 жылғы 15 маусымға дейін қабылдайды»,- деді Ш. Байманов.

Байқау лауреаттарын марапаттау рәсімі қыркүйек айында Отбасы күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін болады.

Оған қоса брифинг  барысында Ш.Байманов «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының байқауы басталғаны туралы хабарлады.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет салаларында жемiстi еңбегі, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін дарынды жастарды мемлекет тарапынан қолдау мақсатында берілетіні белгілі.

«Осындай байқаулардың арқасында жастарда жаңа мотивация пайда болады, оның нәтижесінде өскелең ұрпақ өз саласында одан да жоғары биік шыңдарды бағындыруға тырысады. «Дарын» сыйлығы белсенді, белгілі бір жетістіктерге қол жеткізген жас буынды қолдауға бағытталған»,- деп, атап өтті Ш. Байманов. Сондай-ақ Ш. Байманов «Дарын» сыйлығымен марапаттау шарасы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында салтанатты түрде өткізілетіндігін хабарлады. 

Байқау «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы» атты 10 номинация бойынша өтеді. 

2018 жылдан бастап жастарды қолдау мақсатында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы жыл сайын ұсынылады, сыйақы көлемі әр номинация бойынша 600 мың теңгені құрайды.

Жеңімпаздарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі, олар диплом, төсбелгі, сондай-ақ ақшалай сыйлықпен марапатталады. Сыйақы көлемі әр номинация бойынша 600 мың теңгені құрайды.

Сыйлық алуға халықаралық және республикалық байқаулардың, фестивальдар мен көрмелердің лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ қызметі инновациялық болып табылатын және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал еткен, өтінімдерді қабылдаудың аяқталу мезетінде 29 жасқа дейінгі қазақстандықтар үміткер бола алады.

 Жастар сыйлығын алуға кандидатураларды мемлекеттiк және жергілікті мемлекеттік органдар, оқу орындары, шығармашылық ұйымдар мен қоғамдық бiрлестiктер ұсынады. Үміткерлердің құжаттарын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2021 жылғы 10 тамызға дейін қабылдайды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1992 жылы тағайындалған «Дарын» сыйлығын әр жылдары Ольга Шишигина, Қыдырәлі Болман, Ринат Кертаев, Мейрам Бегентаев, Серік Сәпиев, Әли Оқапов, Денис Тен, Димаш Құдайберген, Мария Мудряк, Элизабет Турсынбаева және басқа да азаматтар иеленді.