
«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңға енгізілген түзетулер негізінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті орган болып айқындалды. Осыған байланысты, Министрлік 2021 жылғы 28 сәуірдегі № 144 «Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрықты бекітті. Осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2021 жылғы 29 сәуірде № 22651 болып мемлекеттік тіркеуден өтті ( https://www.gov.kz/memleket/entities/qogam/documents/details/163493?lang=ru )
Қағидалар электрондық ақпараттық ресурстарды ашық деректерге жатқызу, сондай-ақ оларды ұсыну форматын қоса алғанда, ашық деректерді қалыптастыру және ашық деректердің интернет-порталында орналастыру тәртібін айқындайды.
Қағидаларда мемлекеттік органдардан басқа квазимемлекеттік сектор субъектілері, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылар көзделген; олар өз қызметі бойынша ашық деректер жиынтығын орналастыратын болады.
Қағидаларға сәйкес көрсетілген ақпарат иеленушілер «Ашық деректер» порталында ашық деректерді JSON форматында немесе ақпарат иеленушінің API (тікелей ақпарат иеленушілердің ақпараттық жүйелерінен) пайдалана отырып орналастырады.