
2017 жылдың 24 қазаны Қарағанды қаласында екікүндік «Жастар дәстүрлі құндылықтарды қолдайды» республикалық жастар Форумы басталды.
Форумның басты мақсаты – жастар ортасында дәстүрлі құндылықтарды қалыптастырумен байланысты сұрақтарды талқылау болып табылады. Сонымен қатар, Форум аясында дәстүрлі және болмыстық құндылықтар жүйесіне діннің ықпал етуі, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында уақытқа сәйкес бәсекеге қабілетті қоғамдық құндылықтарды қалыптастыру бойынша сұрақтар да қарастырылды.
Форум бағдарламасына сәйкес Қарағанды облысының әкімі Е.Ж.Қошановтың және Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі А.Н. Нүкеновтің қатысуымен пленарлық отырыс болып өтті.
Вице-министр өз баяндамасында, бүгін халықтың діни-болмыстық құндылықтарын қайта қарастырып және өткенді-қазіргіні-болашақты байланыстыратын руханилықты іздеуді бастауымыз керек деді. Сондай-ақ, А.Н. Нүкенов салт-дәстүрлермен бейнеленген мәдени мұра халқымыздың негізгі байлығы екенін ерекше атап өтті. Оны сақтап қана қоймай, қазіргі қоғамда дұрыс пайдалана білу керек деді.
Пленарлық отырыстың соңында Қарағанды облысы әкімдігі мен «Нұр Мүбәрәк» университеті арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар, Форум аясында семинар-тренингтер, облыстық өлкетану музейіне экскурсия, облыс әкімі кубогі үшін Қаз дауысты Қазыбек би 350 жылдығына арналған «Сөз атасы-бірлік» жайдарман фестивалі, «Қазыбек би» спектаклінің көрсетілімі, «TEDx QARAGHANDY» клубының ашылуы өтті.
Форумның ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі және Қарағанды облысының әкімдігі.