
Астана қаласында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде «Жастар Отанға» инновациялық идеялардың республикалық фестивалі өтуде. Республикалық фестиваль Елбасының мемлекеттік бағдарламаларын, соның ішінде «Сандық Қазақстан - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру мен дамыту мақсатында өткізіледі.
Іс-шараға Қазақстанның түкпір түкпірінен серпілісті инновациялық идеялары бар 500 талантты жастар қатысуда. Жоба презентациялары 8 бағыт бойынша жүзеге асады: «IT технологиялар», «Медицина», «Қалдықтарды пайдаға жарату», «Ауыл шаруашылығы», «Энергетика», «Қызмет көрсету саласы», «Ақылды технологиялар», «Инновациялар».

Фестивальдың ашылуында Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев сөз сөйледі.
«Елбасымыз айтқандай «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады». Бұл жобаны іске асыра отырып, біз шығармашыл жастарды қолдау үшін және олардың инновациялық әлеуетін дамыту үшін алаң құрғымыз келеді. Бүгін мен бизнес-қауымдастықты жастар кәсіпкерлігін қолдауға шақырамын», - деп ұсыныс жасады министр Нұрлан Ермекбаев.
Екі күндік фестиваль барысында қатысушыларға жұлдызды тәлімгерлер, бизнес-коучтер, кәсіпкерлік саласының әйгілі мамандары мен бизнес жаттықтырушылар оқытатын болады. Ең үздік инновациялық идеялардың иегерлері жобаның ақтық кезеңінде өз жобаларын қазылар алқасына таныстырады. Фестиваль жеңімпазы Мәскеу қаласындағы Плеханов атындағы РЭУ Инкубаторында тегін білім алуға мүмкіндікке ие болады. Сондай-ақ 3 жеңімпазға «Synergy Global Forum Алматы 2017» халықаралық форумына қатысу билеттері табысталады.
Жоба Қазақстан Республикасы Дін істері мен азаматтық қоғам министрлігі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті, «Халықаралық Бағдарламалар Орталығы» АҚ, Жастар іскерлік кеңесінің қолдауымен «Болашақ» Қауымдастығымен іске асырылуда.