«Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттары Мысырда өткен бүкіләлемдік жастар форумында сөз болды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттары Мысырда өткен бүкіләлемдік жастар форумында сөз болды

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің вице-министрі Абзал Нүкенов Шарм Эль-Шейх  қаласында өткен Бүкіләлемдік жастар форумына қатысты.  

Мысыр Араб Республикасының Президенті Абдель Фаттах Ас-Сисидің бастамасымен ұйымдастырылған іс-шараға әлемнің 125 елінен 70-тен астам ресми делегациялар мен жастар қозғалысының өкілдері қатысты.

Форумның құрметті қонақтарының қатарында - Палестина, Мавритания, Габон, Чад елдерінің мемлекет басшылары, Шардж әмірлігінің және Мекке қаласының басшысы болды.

Форум жұмысын Мысыр Араб Республикасының  Президенті Абдель Фаттах Аль-Сиси мырза құттықтау сөзімен бастады.  Ол бүкіләлемдік форум әлемнің барша жастары үшін қазіргі жаһандағы көкейкесті мәселелерді, қоғамдағы сын-қатерлер мен қауіптердің алдын алуды, білім беру, ғылым мен техника саласындағы жастар бағдарламаларын іске асыру болашағын талқылауға және әлемнің түрлі елдеріндегі жастар саясатының табысты тәжірибесін ұсынуға тамаша мүмкіндік беретін ашық алаңға айналатындығын  атап өтті.

Мысыр Президенті Аль-Сисидің қатысуымен өткен «Мәдениет және өркениеттер арасындағы айырмашылықтар» тақырыбында өткен панельдік пікір алмасуда вице-министр Абзал Нүкенов елімізде жүзеге асырылып жатқан Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың  «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының маңыздылығына тоқталып, қатысушыларды аталған бағдарламаның басым бағыттарымен таныстырды.

Вице-министр әлемдік деңгейдегі мәдени және өркениетаралық мәселелерді бейбіт жолмен шешуде  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы айтарлықтай үлес қоса алатындығын атап  өтті.

Форум барысында Қазақстан делегациясы Мысыр Президентімен, сондай-ақ сыртқы істер, жастар және спорт, туризм министрлерімен кездесті, олар Қазақстан мен Мысырдың екі жақты ынтымақтастығын, әсіресе жастар саласындағы әріптестікті кеңейту жолдарын талқылады. А.Нүкенов форумды ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, іс-шараның маңызға ие екендігіне тоқталды.

Айта кетерлігі, форум жұмысы барысында қазақ делегациясы белсенділік танытты.