«АСАР» форумы Батыс Қазақстандық үкіметтік емес ұйымдарының қызметін жандандыра түсті

«АСАР» форумы Батыс Қазақстандық үкіметтік емес ұйымдарының қызметін жандандыра түсті

Батыс Қазақстан облысында өңір басшысының орынбасары Ғабидулла Оспанқұловтың төрағалығымен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары қатысқан облыстың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланған жиналыс өтті.  

Атырау қаласында өткен I республикалық «ASAR» үшжақты ынтымақтастық форумы Батыс Қазақстан облысының үкіметтік емес ұйымдарының өкілдеріне жағымды әсерін тигізді және аймақтың әлеуметтік мәселелерін шешуге серпін болды. Жоғарыда аталған кездесуде ҮЕҰ өкілдері  үкіметтік емес сектордың жұмысын жетілдіру жолындағы жаңа идеялары мен жобаларын ұсынып, болашақта атқаратын  жұмыс жоспарларымен бөлісті.  

Облыс әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұлов өңірде мемлекет, бизнес және ҮЕҰ-ның қатысуымен бірқатар әлеуметтік жобалар табысты жүзеге асып келе жатқанын атап өтті. Соған қарамастан, ол аталған жұмыстарды одан әрі дамытуды және күшейтуді ұсынды.

БҚО ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Нарымбетов  өз баяндамасында азаматтық қоғам мен ҮЕҰ-дың өзара байланысын,  сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ҮЕҰ-мен бірлесіп жүзеге асырылатын жобалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Атырау қаласында өткен АСАР үшжақты ынтымақтастық форумында БҚО ұсынған әлеуметтік жобаларының бірі кәсіпкерлер тарапынан қолдау тапқан болатын.  «АқсайГазСервис» АҚ «Қазақ мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Есту қабілеті нашар жастар арасында еңбек әлеуетін дамыту» жобасына қызығушылық танытып, жалпы құны 2 млн. теңгені құрайтын меморандум бекітілгенін атап өткен  жөн. 

Аталған ҮЕҰ жетекшісі Манара Туенбекованың айтуынша,  жобаның мақсаты – есту қабілеті нашар азаматтардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және қоғамның назарын мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемаларына аударту болып табылады.