Нұрлан Ермекбаев Қазақстан мұсылмандарының VIII құрылтайына қатысты

Нұрлан Ермекбаев Қазақстан мұсылмандарының VIII құрылтайына қатысты

Бүгін Алматыда ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Қазақстан мұсылмандарының кезекті VIII құрылтайына қатысты.

Сонымен қатар, құрылтай жұмысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төралқа мүшелері, Ғұламалар кеңесінің мүшелері, теолог-ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, еліміздің әр облысынан келген құрылтай делегаттары қатысты. Нұрлан Ермекбаев өз сөзінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының еліміздің мұсылман тұрғындарының рухани сұраныстарын қанағаттандыруға және қызметін жетілдіруге бағытталған жұмысын атап өтті. Атап айтқанда, «ҚМДБ-ның 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы» және «Теологиялық білім беру тұжырымдамасы» әзірленді. «Қазіргі таңда Мүфтияттың қызметін күшейтуге бағытталған кадрлар әлеуетін нығайтуды көздейтін бірқатар ұйымдастырушылық шаралар қабылданды. «Мешіттердің ішкі тәртіп ережесі» бекітілді. Экстремизм мен терроризм бабы бойынша сотталғандармен түсіндіру жұмыстарын жүргізетін «Түзеу мекемелері: сұрақ-жауап» атты кітап шықты», - деді Нұрлан Ермекбаев. Министр «Уақып» қайырымдылық қоры құрылғанын және қор өзінің негізгі жұмысымен қатар шалғай аудандардағы имамдарды әлеуметтік қолдаумен айналысатынын айтты. Бүгінгі таңда аталған қор көмекке зәру 205 имамға жәрдем берді, «Әлжан ана» мешіті базасы мен «Нұр-Мүбәрак» университеті жанындағы қайта даярлау институтында 85 имамның біліктілігін арттырды. Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандарының кезекті VIII құрылтайында дауыс беру нәтижесінде Серікбай қажы Ораз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы қызметіне сайланды.