
Бүгін ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев «Нұр Мүбарак» университетінің ректоры Гаудо Басюнимен кездесті.
Кездесу барысында университеттің даму стратегиясы, оқыту жүйесінің сапасын арттыру, оны халықаралық стандарттар деңгейіне көтеру, кадр әлеуетін нығайту мәселелері талқыланды.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта университет Қазақстандағы білікті діни қызметкерлерді дайындайтын басты білім орталығына айналуда.
Үкімет пен әкімдіктер діни қызметкерлерді оқытуға гранттар бөліп, университетке үлкен қолдау көрсетіп отырады. Сондықтан, мемлекет пен уәкілетті министрлік университеттің діни бағытта білім берумен қатар, студенттерді мемлекеттік саясатты түсінуге, зайырлы принциптерді сақтауға және фанатизмді болдырмауға үйрететіне сенім білдіреді.
Осыған байланысты Нұрлан Ермекбаев «Нұр-Мүбарак» Университеті діни білім беру саласында тек Қазақстанның ғана емес, сонымен бірге Орталық Азиядағы осы саладағы хабқа айналуы тиіс деген тілек білдірді.
Сондай-ақ Н. Ермекбаев Түрік Республикасының Дін істері жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Селим Аргунмен кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы дін саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Нұрлан Ермекбаев министрліктің қызметі мен дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары туралы хабардар етті. Діни радикализмнің алдын алу және елдегі діни ахуалды бақылау бойынша тәжірибе алмасу және ведомствалық өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.
Кездесулер делегаттардың Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған Еуразия мұсылмандары ғұламалары форумына қатысуы аясында өтті.