
Бүгін ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев «Көшбасшы бол!» жобасының шеңберінде Қазақстан Халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен «Жаңғыру жолы» конференциясының жұмысына қатысты.
Қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Нұрлан Ермекбаев жастардың өзекті мәселелеріне тоқталып өтіп, оның ішінде жастарға үнемі өздерінің қабілеттерін дамытып, жаңа білім көздерін меңгеруге, сондай-ақ өзін-өзі жетілдіруге кеңес берді.

«Тек жан-жақты дамыған, білімді, еркін ойлай алатын жастардың арқасында ғана біздің еліміз дамудың даңғыл жолына шығады. Сондықтан қазіргі заманауи үрдістерді ескере отырып, жастар үнемі жаңа білім көздерін іздестіруге, өзін-өзі тәрбиелеуге және қабілеттерін дамытуға, уақытқа байланысты жылдам өзгеретін әлемде жаңа байланыстарды орнатуға ұмтылулары тиіс» - деп атап өтті Нұрлан Ермекбаев.
Министрдің айтуынша, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» жастардың үлкен өмірге қанат қағуына сенімді негіз бола алады. Жаңа «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы барлық қызметкерлерге, тіпті жалақысы төмен болса да, өз баспаналарын алуға мүмкіндік береді. Қосымша 20 мың грант бөлу және 75 мың орынға арналған студенттік жатақханалар салу ауылдар мен шағын қалалардағы жастардың Қазақстанның жетекші білім беру орталықтарында оқуға түсу қолжетімділігін жеңілдетеді, сондай-ақ университеттер мен колледждердің студенттері үшін тұрғын үй мәселесін шешеді.

«Әрбір дәуір, тіпті әрбір онжылдық жастардың алдында жаңа сын-тегеуріндерді қойып келеді. Қазіргі қазақстандық жастардың алдында тұрған сын-тегеуріннің бірі - бәсекеге қабілеттілік, прогреске ұмтылу, этностық немесе діни қатынасына қарамастан жалпыадамзаттық құндылықтарға жататын адамгершілік пен этикамен үйлестіру болып табылады», - деді Нұрлан Ермекбаев.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Н. Әбдіқалықова, ҚХА Төрағасының орынбасары, Хатшылық меңгерушісі Л.А. Прокопенко, Назарбаев Университетінің вице-президенті К.Н. Даирова, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, жастар ұйымдары мен ҚХА жастар ұйымдары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары қатысты.