Дархан Кәлетаев «Әзірет Сұлтан» мешітіне барды

Дархан Кәлетаев «Әзірет Сұлтан» мешітіне барды

Бүгін, 2018 жылғы 19 сәуір күні ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев еліміздің бас мешіті – «Әзірет Сұлтан» мешітіне барды.

Мешітті аралау барысында министр Бас мүфти Серікбай қажы Оразбен, мешіттің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы және наиб-мүфти Бауыржан Есмаханмен кездесті. Діни басқарма басшылары мешіттің жұмысымен және оның сәулет ерекшеліктерімен таныстырды.

Дархан Кәлетаев құлшылық бөлмелері мен оқу-ағартушылық бағыттағы топтардың оқу залдарын, сондай-ақ ҚМДБ жанындағы «Хикмет» телеарадио студиясының жұмысымен танысты.

Осыдан кейін министр имамдар және дінбасылармен кездесу өткізді. Дархан Кәлетаев қоғамдағы рухани құндылықтарды дамыту бойынша тиімді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын атап өтті және имамдарды халықтың діни сауаттылығын арттыру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырды.

Бұдан бөлек, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңа ғимаратының құрылысымен танысты.

Мүфтияттың әкімшілік ғимаратының құрылысы 2015 жылы басталған. Ғимарат «Әзірет Сұлтан» мешіте қарама-қарсы орналасқан және шамамен 1,2 гектар жерді алып жатыр. Ғимараттың жалпы ауданы 12 мың шаршы метрді құрайды, жеке бөлмелері, мәжіліс залы және діни қызметкерлер үшін спорт кешені бар. Оның аумағында рухани әдебиеттермен жабдықталған кітапхана және мүфтият қызметкерлеріне арналған жатақхана қарастырылған.