
Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Жастар саясаты департаментінің директоры Асхат Оралов Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттердің Жастар және спорт істері министрлерінің Ислам конференциясының жұмысына қатысты.
Ағымдағы жылғы 17-19 сәуір аралығында Баку қаласында ИЫҰ мүше-мемлекеттердің Жастар және спорт істері министрлері ислам конференциясының IV-ші сессиясы өтті. Конференцияға 40 жуық мемлекеттің жастар және спорт істері жөніндегі мемлекеттік органдарының басшылары қатысты.
Қазақстан атынан аталған іс-шараға Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Жастар саясаты департаментінің директоры А. Оралов және Маңғыстау облысының Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Б. Тұяқов қатысты.
Өз баяндамасында А. Оралов конференция қатысушыларын Қазақстан Республикасы Президенті Н.А. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген негізгі бастамалармен таныстырып, Қазақстан Республикасында мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы бойынша тәжірибемен бөлісті.

Сондай-ақ, А. Оралов жастар зерттеулері саласында және жастардың бойында құндылықтарды қалыптастыру жүйесін жетілдіру үшін халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан делегациясының тағы бір мүшесі Маңғыстау облысының жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Бауыржан Тұяқов ИЫҰ елдерімен жастар саясаты мәселелері бойынша қарым-қатынас саласын одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.
«Маңғыстау облысы Әзірбайжанмен шекараласады, және бұл жерде біздің қатысуымыз орынды. Өткен жылы Ақтауда Қазақстан-Әзірбайжан жастар форумы өткен болатын. Бұл іс-шара жастар саясаты мәселелері бойынша Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы елдерімен қарым-қатынасты дамытуға ықпал ететініне сенмідіміз. Басқа елдердің оң тәжірибесін зерттеп, сондай-ақ оны біздің елімізде де қолдануымыз керек», - деп атап өтті Б.Тұяқов.
Бұдан бөлек, іс-шара барысында қатысушылар ИЫҰ Жастар стратегиясын, 2019-2020 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын, жастар саясаты және спорт саласындағы ынтымақтастық бойынша басқа да құжаттарды қабылдады.