
«Журналистерді аккредиттеу қағидалары бекіту туралы» ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі бұйрығының жобасы әзірленді.
Бүгінгі таңда журналистерді аккредиттеудің қолданыстағы ережелері бұл процедураның нақты және жеңілдетілген механизмін толық қамтамасыз етпейді.
Әзірленген ереже жобасы келесі ұсыныстар мен жаңалықтарды қамтиды:
1) БАҚ меншік иесінің немесе редакторының қалауы бойынша тұрақты аккредиттеу мерзімдерін айқындау (1 жылдан кем емес) (бұл шара журналистерді аккредиттеу кезінде икемділікті қамтамасыз ету және белгілі бір БАҚ-қа қатысты жағымсыз жағдайлар туғызуы мүмкін жағдайлардың туындау мүмкіндігін болғызбау қажеттілігімен негізделген);
2) нақты редакциялық тапсырманы орындау үшін уақытша аккредиттелген журналист ауырған, демалыста, іссапарда болған не нақты іс-шара жарияланған жағдайда оны ауыстыру үшін қажетті уақытша аккредиттеуді енгізу;
3) құжаттар пакетін 4-тен 2-ге дейін қысқарту;
4) өтінішті қарау және ол бойынша шешім қабылдау мерзімін 7 жұмыс күнінен 3 жұмыс күніне дейін қысқарту.
Жария талқылау жүргізу мақсатында жоба 2021 жылғы 1 ақпанда «Ашық НҚА» интернет-порталында орналастырылған (келесі сілтеме бойынша өтуге болады https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=6681117).