
Қазақстанда «Jas.Qz» жалпыұлттық жастар жобасын іске қосуды жоспарланып отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Модернизация жағдайындағы жастарға арналған жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры Асхат Оралов мәлімдеді.
«Jas.Qz» жалпыұлттық жобасының негізгі мақсаты жастардың рухани, әлеуметтік, зияткерлік, физикалық тұрғыда және жеке дамуына жағдай жасау болып табылады. «Jas.Qz» пилоттық жобасын қыркүйек айында Батыс Қазақстан облысындағы орта мектептердің оқушылары арасында іске қосу жоспарланып отыр», - деді А. Оралов.
Оның айтуынша, «Jas.Qz» жобасының бағыттары зияткерлік, спорттық, шығармашылық, әскери-патриоттық, әлеуметтік және волонтерлік қызмет болып табылады. Жобаға Батыс Қазақстан облысында 28 мыңнан астам мектеп оқушысы қатыстырылатын болады.
Асхат Ораловтың айтуынша, «Jas.Qz» жобасының барлық қатысушылары арнайы белгілермен және куәліктермен марапатталатын болады, ал ерекше белсенділік танытқан оқушыларға 3, 2, 1 дәрежелі арнайы белгілер табысталады. Марапаттау рәсімін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай өткізу жоспарлануда.
2019 жылғы 1 сәуірден бастап Батыс, Шығыс, Оңтүстік және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ және Астана қаласында пилоттық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Келесі жылдың 1 қыркүйегінен бастап, Қазақстанның барлық аймақтарында «Jas.Qz» жобасын толықтай іске қосу жоспарланып отыр.