Дін істері комитетінің төрағасы «Уақып» қорының қайырымдылық жобалары туралы айтты

Дін істері комитетінің төрағасы «Уақып» қорының қайырымдылық жобалары туралы айтты

2018 жылғы 26 сәуір күні Орталық коммуникациялар қызметінде «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының қызметінің қорытындылары бойынша баспасөз конференциясы өтті.

Шараға Дін істері комитетінің төрағасы Еркін Оңғарбаев, «Уақып» қорының президенті Қайрат Айтбай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Бауыржан Есмахан, «Аль Сакр Финанс» АҚ-ның директоры Думан Нұрбаев қатысты.

Баспасөз конференциясы барысында Еркін Оңғарбаев «Уақып» қорымен жүзеге асырылған қайырымдылық жобаларды атап өтті.

«Бүгінгі таңда Қор шалғай аудандарда және ауылдарда тұратын және материалдық қолдауға мұқтаж 305 діни қызметкерге стипендия тағайындады. Аз қамтылған отбасылардан шыққан 5 студентке «Нұр-Мүбарак» ислам мәдениет университетінде оқу ақысын төлеуге қаржылық қолдау көрсетті, ал 2018-2019 оқу жылында 10 студентке осындай көмек көрсетілмек. Сонымен қатар, Қордың қолдауымен 173 діни қызметкер діни экстремизмнің алдын алу бойынша қайта даярлау курстарында арнайы оқудан өтті»- деді Е.Оңғарбаев.

Дін істері комитеті төрағасының айтуынша, Қордың ұйымдастыруымен діни экстремизмнің алдын алу бағытында 173 дін қызметкеріне кәсіби біліктілігін арттыру және  және кәсіптік дағдыларын дамыту үшін арнайы курстар өтті.

Бұдан бөлек, Қор ҚМДБ жанындағы имамдардың біліктілігін арттыру институтына қайырымдылық көмек көрсетіп, Алматы облысы Турген ауылында өртеніп кеткен Православ шіркеуін қалпына келтіру жұмыстарына қолдау көрсетуде.

«Уақып» қорының президенті Қайрат Айтбаев қайырымдылық және демеушілік бағытта қорға келіп түскен қаражаттар туралы нақты мәліметтерді жариялады.

«Бүгінгі күні Қор 355 млн. теңгеден астам қаржыға қайырымдылық және демеушілік қолдау көрсеткен, оның ішінде мұқтаж жандарға 110 млн. теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетілді»- деді Қайрат Айтбай.

Сондай-ақ, баспасөз конференциясы барысында Қордың қайырымдылық іс-әрекеттерінің ашықтығына және әлеуметтік салада өзекті мәселелерді шешуге бағытталған қаржы ресурстарына қатаң бақылау жүргізілетіндігі  айтылды.