
2018 жылғы 25-26 сәуірде Астанада ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен Enactus Kazakhstan National EXPO 2018 студенттік кәсіпкерлік, стартаптар мен инновациялардың Ұлттық чемпионаты өтті.
Enactus жобасының басты идеясы – кәсіпкерлікті дамыту үшін студенттік, академиялық және бизнес көшбасшылардың күш-жігерін біріктіру, компания қызметінің экономикалық тиімділігін және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік беретін нақты идеяларды енгізу, жастарды әлеуметтік-экономикалық өмірге белсенді тарту болып табылады.

Чемпионатқа Қазақстанның 16 өңірінен келген 60 жоғары оқу орнының студенттері қатысты. Олар қоршаған ортаны, адам денсаулығын сақтауға және өмірін жақсартуға бағытталған 100-ден аса әлеуметтік маңызды бизнес-жобаларын ұсынды.
Чемпионат аясында ENACTUS студенттер кәсіпкерлігінің I Еуразиялық форумы, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі және бизнес серіктестердің арнайы байқауы өтті.
Семей қаласының Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетінің командасы Enactus Kazakhstan National EXPO 2018 студенттік кәсіпкерлік, стартаптар мен инновациялардың Ұлттық чемпионатының жеңімпазы деп танылды.

Семей қаласының жеңімпаз командасы 9-11 қазан аралығында Сан-Хосе (АҚШ) қаласында өтетін Enactus World Cup 2018 Әлем Кубогында Қазақстанның намысын қорғайтын болады.
ENACTUS – кәсіпкерлік және жоғары оқу орындарының арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған ең ірі халықаралық коммерциялық емес ұйым болып табылады. ENACTUS өкілдіктері Қазақстанмен қатар, әлемнің 36 елінде жұмыс жасайды.