
Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев БҰҰ Халықты қоныстандыру саласындағы қорының Қазақстандағы өкілі Джулия Валеземен кездесті.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты. Атап айтқанда, репродуктивті денсаулықты қорғау, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, СПИД-тің қауіп-қатері туралы жастар арасында ақпараттық жұмысты күшейту және жастар ортасында діни экстремизмнің алдын-алу мәселелерін талқылады.
Дархан Кәлетаев БҰҰ Халықты қоныстандыру саласындағы қорының Қазақстандағы өкілін діни сенім бостандығы аясында азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ жастар саясаты жөнінде министрлік қызметінің негізгі бағыттарынан хабардар етті.

Министр БҰҰ-ның өкілдерін осы жылдың қазан айында Астанада өтетін Халықтың көші-қонын дамыту жөніндегі парламентарийлердің Азиялық форумы ұйымдастыратын «Жастарға арналған инвестиция» конференциясына қатысуға шақырды.
Ал, өз кезегінде, Джулия Валезе қордың негізгі миссиялары мен репродуктивті денсаулықты сақтау жөніндегі алдағы уақытта жоспарланған іс-шаралар туралы хабардар етті.

Кездесу соңында Д.Кәлетаев министрліктің екіжақты диалог үшін әрдайым ашық екенін және бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы өзара іс-қимылды дамытуға дайын екендігін атап өтті.