Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар саясаты саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар саясаты саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі және Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар саясаты саласындағы ынтымақтастықты нығайтатын болады.  Бұл туралы бүгін Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында айтқан тапсырмасының орындалу барысын талқылауға арналған кездесуде мәлім болды.

Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов, Министрліктің Жастар саясаты департаментінің қызметкерлері, Қазақстан Халқы Ассамблеясының өкілдері және «Қоғамдық Келісім» РММ өкілдері қатысты.

Жиналғандар мемлекеттік жастар саясаты саласындағы ынтымақтастықты нығайту бойынша бірқатар мәселелерді талқылады.  Атап айтқанда, жастар саясаты саласындағы жобаларды іске асырудағы белсенді іс-қимыл, «Жаңғыру жолы» жаңа жастар қозғалысы арқылы «Рухани жаңғыру» жобасына белсенді жастарды біріктіру, сондай-ақ жастардың стартап жобаларын қолдау мәселелері талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша арнайы ұсынымдар әзірленді, оның ішінде, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және 2018 жылға арналған жаңа әлеуметтік бастамаларды ілгерілету, сондай-ақ 2019-2021 жылдарға арналған жастар саясаты саласындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және гранттық қаржыландырудың тақырыптарын бекіту бойынша Министрлік пен Қазақстан Халқы Ассамблеясы арасында өзара  іс-қимыл туралы Жол картасын әзірлеу ұсынылды.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 28 сәуірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ҚХА жанындағы «Жаңғыру Жолы» жаңа жастар қозғалысы арқылы жастарды «Рухани жаңғыру» жобасына жұмылдырып, олардың стартап жобаларын қолдау бойынша тиісті  жұмыстар атқаруды тапсырған болатын.