
Бүгін, 24 желтоқсанда, «Қазақстандық отбасылар - 2020» Ұлттық баяндамасының жобасы талқыланды. Құжатты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша «Рухани жағыру» Қазақстандық әлеуметтік даму институтының отбасы институтын зерттеу орталығымен әзірленді. Зерттеу барысында қазақстандық отбасылардың жағдайы талданып, Қазақстандағы отбасылық саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленді.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Ләззат Рамазанова, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов, сондай-ақ Беларуссия, Өзбекстан, Украина, Тәжікстаннан келген қазақстандық және халықаралық сарапшылар қатысты.
Ләззат Рамазанова өз сөзінде «Ұлттық баяндама отбасы саласында жұмыс жасайтын әрбір маманның анықтамалық кітабы болуы керек» деп баса айтты. Ол есептің негізгі тұжырымдарын ескере отырып, Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі отбасылық-гендерлік саясат тұжырымдамасын (екінші кезең: 2020 - 2022) іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын жаңартуды ұсынды.
«Ұлттық баяндама жобасын әзірлеу барысында Сovid-19 жаһандық пандемиясы кезеңіндегі жаңа шындық талаптары ескеріле отырып, қазақстандық отбасылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына, ажырасудың негізгі себептері мен салдарына, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемаларына, көп балалы отбасылардың жағдайына, жан-жақты талдау жүргізілді. Талдау мен әлеуметтік зерттеулердің, сараптамалық пікірдің қорытындылары бойынша отбасы саласындағы өзекті мәселелер анықталды, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға ұсынымдар берілді», - деді А. Оралов.
Вице-министрдің айтуынша, Ұлттық баяндаманың нәтижелері әлеуметтік саладағы ведомствоаралық кешенді жоспарларды, бағдарламалар мен бастамаларды әзірлеу кезінде қолданылатын болады.
Ұлттық баяндама жобасында 2020 жылдың басты ерекшелігі болған коронавирустық пандемияның қазақстандық отбасыларға тигізген әсері аталып өткен. Осылайша, жақындардың қымбат екендігін түсіну, денсаулық мәселелеріне назар аудару, отбасылық демалысты бірлесіп өткізу мүмкіндігі карантиндік шаралардың отбасылық қатынастарға әсер етуінің оң факторларына айналды. Дегенмен, жасырын отбасылық дағдарыстар, қақтығыстар, алаңдаушылық, болашақтағы белгісіздік және т. б. күшейе түскен.
Есеп жобасында қазақстандық отбасылардағы қарым-қатынасты нығайтатын негізгі факторлар анықталған. Сонымен, респонденттердің пікірінше, сыйластық пен өзара түсіністік, махаббат (51,8%) және материалдық байлық (14%) басты қасиеттер болып табылады.
Отбасында баланың тууы маңызды орынды алады (11,1%). Жалпы, көпбалалы отбасылардағы отбасылық қатынастарды талдау қазақстандық көп балалы отбасыларға отбасылық өмірге қанағаттанудың жоғары деңгейімен сипатталатындығын көрсетті (80,2%). Есеп жобасында қазақстандықтардың өз балаларының бойында қалыптастыруға ұмтылатын бес құндылық анықталғанын атап өткен жөн.
Бұл еңбекқорлық (64,1%), үлкендерді сыйлау (54,9%), өзін-өзі бағалау (28,5%), өз-өзіне сенімділік (20,6%) және патриотизм (16,4%).
«Қазақстандық отбасылар - 2020» Ұлттық есебі аясында жүргізілген зерттеулердің нәтижелері Отбасылық әл-ауқат индексін есептеу әдістемесін, сондай-ақ мемлекеттік органдарға отбасылық саясатты жетілдіру бойынша ұсынымдарды әзірлеуге мүмкіндік берді.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік және саяси зерттеулер бөлімінің бастығы Алуа Жолдыбалина «Рухани Жанғыру» КеАҚ-ы жасаған отбасылық әл-ауқат индексін есептеу әдістемесін кең сараптамалық талқылау қажеттілігі туралы ұсыныс жасады.
Татьяна Билык Украина отбасылық медиаторлар қауымдастығының қызметі туралы айтып, медиаторлардың отбасылық жанжалдарды шешудегі жұмысының маңыздылығына тоқталып өтті.
Даврон Бабаджанов іс-шараға қатысушыларды Тәжікстан Республикасында отбасылық саясаттың жүзеге асырылуы туралы хабардар етті және проблемалық мәселелерді ескере отырып, отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған жобаларды іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, БҰҰ-ның халықтың қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА) Қазақстандағы өкілдері Юлия Лысенкова, «Бала отбасында өмір сүруі тиіс» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Азамат Жаманчинов, Қазақстан жыныстық және репродуктивті денсаулық қауымдастығының атқарушы директоры Галина Гребенникова және басқалар отбасы институтын нығайту және қолдау жөніндегі жұмыс тәжірибесімен бөлісті.
Сарапшылар аталған құжаттың маңыздылығын айтып, ұлттық баяндаманы дайындау сапасына жоғары баға берді.