Дархан Кәлетаев ғаламдық трансформация жағдайындағы азаматтық қоғам институттарының рөлі туралы айтты

Дархан Кәлетаев ғаламдық трансформация жағдайындағы азаматтық қоғам институттарының рөлі туралы айтты

Бүгін Астанада «Global Challenges Summit» Астана экономикалық форумы аясында «Азаматтық қоғамның болашағы. Жаңа азаматтық белсенділік» тақырыбында панельдік сессия өтті.

Панельдік сессия жұмысына мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, саясаттанушылар, алыс-жақын шет мемлекеттерден келген сарапшылар қатысты.

Қатысушылар алдында сөз сөйлеген ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев Қазақстандағы азаматтық қоғамның  дамуы жөнінде бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып өтті. 

«Қазақстан әлемдік трендтермен бір бағытта даму үстінде. Мемлекет басшысы ғаламдық дамудың басты бес мегатрендін атап өтті. Олардың қатарында адам қызметінің барлық салаларын цифрландыру, энергетикалық революция, жер шарындағы тұрғындар санының жылдам өсуі, урбанизация қарқыны мен сипатының және  жаһандық еңбек нарығының өзгеруі бар. Бұл ретте, Астаналық экономикалық форум аясында біз азаматтық қоғамның келешегіне көз салуды жөн санадық. Жаңа азаматтық позитивтік белсенділік халық пен мемлекет өміріне қалай ықпал ететінін талқылау үшін беделді сарапшыларды шақырдық», - деді Дархан Кәлетаев.

Сонымен қатар, Д. Кәлетаев тұрғындардың ой-санасына әлеуметтік желілердің тигізетін әсері туралы, оның ішінде азаматтық қоғамның дәстүрлі институттары халықтың пікірін білдіру үшін жаңа желілік институтармен бәсекеге түсетініне тоқталды. Оның айтуынша, әлеуметтік желілер мен интернет біз үшін азаматтық белсенділіктің виртуалды түрін ашты, виртуалды белсенділік арқылы әрбір адам мемлекеттік бастамаларды, қоғамдық мәселелерді талқылауға қатыса алады және оларды шешу үшін сындарлы ұсыныстарын  жасай алады.

Министр азаматтық қоғам жаңа трансформацияның қозғаушы күші болуы қажет екендігін атап өтті, бұл үшін білім алуды, жаңа дағдылар мен білікті дамытуға, қарым-қатынас мәдениетін және коммуникацияны жетілдіру қажет.

Сондай-ақ, шара барысында үкіметтік емес ұйымдардың, әлеуметтік кәсіпкерліктің және азаматтық белсенділіктің заманауи даму трендтері туралы танымал сарапшылар сөз сөйледі. Атап айтқанда, «Hertie» мемлекеттік басқару жоғарғы мектебінің президенті Хельмут Анхайер (Германия),  «Әлеуметтік мәселелерді талдау орталығы» қоғамдық қорының директоры Меруерт Махмутова, Ұлттық зерттеулер университетінің «Жоғары экономика мектебі» коммерциялық емес секторы және азаматтық қоғамды зерттеу орталығының директоры Ирина Мерсиянова (Мәскеу, Ресей), саясаттанушы Саясат Нұрбек өз пікірлерімен бөлісті.

Панельдік сессия аясында азаматтық қоғам саласында жүзеге асырылған инновациялық жобалар мен озық тәжірибелерге арналған интерактивті көрме өткізілді. Бұдан басқа, қатысушыларға ҮЕҰ саласының даму перспективалары мен азаматтық белсенділіктің жағдайы туралы сауалнама бюллетені ұсынылды.