
Азаматтық қоғаммен қарым-қатынасты нығайту үкімет пен азаматтық қоғам тарапынан өзара сенім мен түсіністікке негізделген үрдіс болып табылады. Астана экономикалық форумы аясында ұйымдастырылған «Азаматтық қоғамның болашағы, Жаңа азаматтық белсенділік» тақырыбында өткен панельдік сессияда «Hertie» (Германия) мемлекеттік басқару жоғары мектебінің президенті, әлеуметтанушы Хельмут Анхейер қатысушылар алдында сөз сөйледі.
Өз сөзінде әлеуметтану ғылымдарының профессоры мемлекет пен азаматтық қоғам институттары арасындағы өзара сенімнің маңыздылығын атап өтті. «Көптеген елдерде Үкімет азаматтық қоғамды оппозиция немесе қоғамға қарсы ықпал ететін ұйым ретінде көреді. Бірақ, менің ойымша олар өздерінің қоғамдағы рөлін түсіне отырып тиімді ықпалдаса алады», - деді Хельмут Анхайер.
Неміс сарапшысының айтуынша, азаматтық қоғамның болашақтағы дамуын болжау қиынға соғады. Бірікккен ұлттар ұйымы азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл саласына соңғы рет 15-20 жыл бұрын шолу жасаған екен. Сондықтан ол халықаралық деңгейде ҮЕҰ-дың дамуына бақылау жүргізу қажеттігін атады.
«Бүгінде біз әлемде болып жатқан түрлі геосаясаттың ықпалын бақылау үстіндеміз. Атап айтқанда, Қытай экономикасының өсуі, Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдай, көші-қон дағдарысы, жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі. Қазір азаматтық қоғамды ғаламдық процестерге, халықаралық және ұлттық деңгейдегі ашық диалог форматына тарту қажет»- деп атап өтті мемлекеттік басқару жоғары мектебінің президенті Хельмут Анхейер.
Хельмут Анхайер азаматтық қоғам саласындағы жетекші сарапшылардың бірі, әлемнің бірқатар танымал журналдарында 450-ден астам ғылыми мақалалары жарияланған. Оның кітаптары саясаттану және әлеуметтану ғылымдары саласында үздік деп танылған.
Естеріңізге сала кетейік, Астана экономикалық форумында алғаш рет сарапшылар азаматтық секторды дамытудағы қазіргі жаһандық үрдістердің негізгі аспектілерін, жаңа сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді талқылады. Азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі жеке панельдік сессияны өткізуге Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі бастамашылық етті.