
Бүгін, 9 желтоқсанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын үйлестіру департаментінің директоры Нұрлан Күнтуовтың төрағалығымен «Тәуелсіздіктің маңыздылығы және қоғамдық сананың қалыптасуындағы рөлі» тақырыбында «Азаматтық алаң» талқылау клубының онлайн отырысы өтті.
Кеңеске сараптамалық және ғылыми қауымдастық, азаматтық сектор өкілдері және қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты.
Отырыс барысында қазіргі жаңарту мен жаhандану үдерістерінің ауқымындағы қазақстандық қоғамның тарихи негізгі үрдістерінің өзекті мәселелері қарастырылды.
Кеңес барысында «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы» Бауыржан Ракишев «Тәуелсіз елдің жастары» атты баяндама жасап, жастар – қоғамның қозғаушы күші ғана емес, елдің тірегі, мемлекеттің ең белсенді бөлігі екендігін атап өтті. Сонымен қатар, Қарағанды қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Айтбай Жұмағұлов өңірде қоғамдық сананы жаңғырту бағытында жүзеге асырылып отырған жұмыс жөнінде баяндама жасады.
2020 жылғы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың тиімділігі» атты әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне сәйкес, сауалнамаға қатысушылардың 70,4%-ы кәсіби табысқа ұмтылудың маңыздылығын атап көрсетеді, 76,5%-ы нақты мақсаттарға қол жеткізу үшін өз болашағын жоспарлай білуді, 69,9%-ы қолда бар қаражат бойынша өмір сүре білуді, 67,7% - ы өзгерістерге дайын болуды, 55% қоршаған ортаның жай-күйі үшін азаматтық жауапкершіліктің маңыздылығын атап өтті.
Сауалнамаға қатысушылардың 58,3%-ы білім – тәуелсіз ұлт табысының негізі екендігімен келіседі, ата-аналардың, ерлі-зайыптылардың және балалардың жақын ортасы халықтың өмірлік құндылықтарына көп әсер ететіндігін респонденттердің 78,2% көрсетіп отыр.
Сондай-ақ, кездесу барысында Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін алған кезден бастап қазақ қоғамында болып жатқан әлеуметтік өзгерістер талқыланды.