«Этикалық күш»: BeWoman Asia форумында жасанды интеллектінің ықпалы талқыланды

«Этикалық күш»: BeWoman Asia форумында жасанды интеллектінің ықпалы талқыланды

Алматыда көшбасшылықты дамытуға, технологияларды ілгерілетуге және жасанды интеллектінің қоғам мен бизнеске ықпалын талқылауға арналған BeWoman Asia форумы өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Форумға кәсіпкерлер, басшылар, технология саласының сарапшылары, ғалымдар мен өзге де сала өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының вице-президенті Ерлан Қарин форумға қатысушыларға құттықтау жолдады. Құттықтау хатты мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов оқып берді.

Құттықтауда әйелдердің ел дамуына қосқан үлесі, маңызды бастамаларды жүзеге асырудағы және жаңашыл шешімдерді қолданысқа енгізудегі еңбегі аталып өтті.

«Елімізде жасалып жатқан ауқымды жұмысқа әйелдер қауымы өлшеусіз үлес қосып, бірегей бастамаларды табысты жүзеге асырып келеді. Қазір әлем елдері аса күрделі әрі сын-қатерлерге толы кезеңді бастан өткеріп жатыр. Озық шешімдер, соның ішінде жасанды интеллект технологиялары әлемнің тұрпатын біржола өзгертуде. Өркениеттің көшінен қалып қоймас үшін заман талабына жылдам бейімделіп, батыл әрі бірлесе әрекет ету өте маңызды», – делінген құттықтауда.

Сондай-ақ Вице-президент Қазақстанды одан әрі дамытуға бағытталған реформалардың маңызына тоқталып, жаңа Конституцияда адами капиталды, білім беру саласын, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдықтары ретінде бекітілгеніне назар аударды.

Биылғы форум «Этикалық күш» тақырыбында өтті. Қатысушылар жасанды интеллектінің шешім қабылдауға ықпалын, бизнестегі жұмыс үдерістерінің өзгеруін және жаңа технологияларды қолданудың салдарына қатысты жауапкершілік мәселелерін талқылады.

BeWoman Asia форумы қатысушыларға тәжірибе алмасуға, технологиялық өзгерістер кезеңіндегі әйелдердің рөлі мен жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық қағидаттары жөнінде пікір бөлісуге мүмкіндік берді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі