Астанада ауыл әйелдерінің экономикалық мүмкіндігін дамыту мәселесі талқыланды

Астанада ауыл әйелдерінің экономикалық мүмкіндігін дамыту мәселесі талқыланды

Халықаралық ауыл әйелдері күніне орай Астанада Women in Agriculture Development Initiative (WADI) бастамасы аясында екі күндік өңірлік семинар басталды. Жиын ауыл шаруашылығы саласында және азық-түлік өндірісінде еңбек ететін әйелдердің кәсіпкерлігін дамытуға және табысын арттыруға бағытталды.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қаржы мекемелері мен ғылыми қауымдастықтың өкілдері, сондай-ақ фермер әйелдер қатысып жатыр.

Қатысушылар Қазақстандағы ауыл әйелдерінің жағдайы, олардың ауыл шаруашылығы және азық-түлік өндірісіндегі рөлі туралы зерттеу нәтижелерін талқылады. Сонымен қатар ауылдағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, олардың табысын арттыру және экономикалық мүмкіндігін кеңейту жолдары қарастырылды.

Семинарда «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ жүргізген ауыл әйелдерінің жағдайы туралы зерттеу нәтижелері таныстырылды. Іс-шарада Қазақстанның БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитетінің баяндамасының қорытындылары ұсынылды.

Бұдан бөлек, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының WADI бастамасы аясында жүргізген «Қазақстанның агроазық-түлік жүйелеріндегі әйелдер» атты зерттеу нәтижелері талқыланды.

Жиында Орталық Азия мен Кавказ елдерінің тәжірибесіне және ауыл шаруашылығындағы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау тәсілдеріне де айрықша мән берілді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі