Astana Media Week 2026 аясында үздік баспасөз хатшылары мен баспасөз қызметтері марапатталды

Astana Media Week 2026 аясында үздік баспасөз хатшылары мен баспасөз қызметтері марапатталды

Астанада Astana Media Week 2026 медиа апталығының екінші күні өтіп жатыр.

Іс-шара аясында «Үздік баспасөз хатшысы» және «Үздік баспасөз қызметі» аталымдарының жеңімпаздары анықталып, мемлекеттік органдардың ақпараттық қызметінде үздік нәтиже көрсеткен мамандар марапатталды.

«Үздік баспасөз қызметі» аталымында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі мен Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі үздік деп танылды.

Ал «Үздік баспасөз хатшысы» аталымының жүлдесі ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айнаш Қойшыбаева мен Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Мира Сүлейменоваға табысталды.

Сонымен қатар «Қазақстанның ақпараттық саясатындағы жаңа ережелер» тақырыбында сарапшылар кездесуі өтті. Талқылауға ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Лаура Жақыпова, медиаменеджер Асқар Жалдинов, «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Әділ Сейфуллин және «Власть» интернет-журналының Астана бюросының жетекшісі Тамара Вааль қатысты.

Қатысушылар мемлекеттік ақпараттық саясаттың өзекті мәселелерін, мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланысты, баспасөз қызметтерінің жұмысын жетілдіру және қоғаммен тиімді байланыс орнату жолдарын талқылады.

«Qazaq Creative Power: Қазақстандық вайбты кім қалыптастырады?» атты пікірталаста шығармашылық индустрия, медиа және кино саласының өкілдері отандық контентті дамыту, оны бүгінгі аудиторияға кеңінен тарату мәселелерін қозғады. Спикерлер қатарында ҚР Құрылтайының депутаты Асхат Аймағамбетов, Jibek Joly телеарнасының басқарушы директоры Алдан Нағашыбек, журналист Жазира Байдалы, режиссер Ернар Алмабек, кинорежиссер Жандос Құсайынов, Astana AI Film Festival негізін қалаушы Айзатулла Хуссейн және басқа да сарапшылар болды.

Медиа апталық аясында жарнама саласының дамуына да айрықша мән берілді. «Жарнама медиа нарығының жаңа экономикасы» атты стратегиялық сессияда TikTok, Nur.kz, Orda FM, Sport+ Qazaqstan және K Research Central Asia зерттеу компаниясының өкілдері жарнама нарығындағы өзгерістерді, цифрлық платформалардың дамуын және медиаконтенттен табыс табудың жаңа жолдарын қарастырды.

Бағдарламаның тәжірибелік бөлімінде Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің президенті Рүстем Биғари «Деректер экономикасы: бизнес-аналитика басқару мен шешім қабылдауды қалай өзгертеді?» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді.

Сондай-ақ «Вайбкодинг: медианың жаңа технологиялық сауаты» LIVE-зертханасы мен «Меншікті медианы дамытуға арналған Tik-Tok LIVE» шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Қатысушылар заманауи цифрлық құралдарды қолдану, технологиялық шешімдер әзірлеу және тікелей эфир платформалары арқылы медиажобаларды ілгерілету тәсілдерін меңгерді.

Айта кетейік, Astana Media Week 2017 жылдан бері өткізіліп келеді. Медиа апталыққа мемлекеттік органдардың, қазақстандық және шетелдік БАҚ-тың, технологиялық компаниялар мен кәсіби қауымдастықтың өкілдері жиналады. Биылғы мерейтойлық жиын медиа саласын дамытуға, жасанды интеллектіні енгізуге және кәсіби байланысты нығайтуға бағытталған.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі