«Көмек» инклюзивті волонтерлер клубы студенттерге қолдау көрсетіп келеді

«Көмек» инклюзивті волонтерлер клубы студенттерге қолдау көрсетіп келеді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Инклюзивті қолдау орталығы жанынан құрылған «Көмек» волонтерлер клубы 2023 жылдан бері жұмыс істейді. Клубтың басты мақсаты – ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттердің университет ортасына бейімделуіне, қоғамдық өмірге араласуына және оқу орнындағы іс-шараларға белсенді қатысуына көмектесу.

Клуб жұмысының негізгі бағыттарының бірі – «1+2» жүйесі. Ол бойынша бір студентке арнайы дайындықтан өткен екі волонтер бекітіледі. Волонтерлер студентке оқу барысында көмектесіп, басқа студенттермен тіл табысуына қолдау көрсетеді. Қазір клуб құрамында 50-ге жуық волонтер бар.

Волонтерлер жеке қолдау көрсетумен қатар, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, ағылшын тілі және гитара сабақтарын өткізеді. Мұндай сабақтар студенттердің бір-бірімен араласуына, қабілетін дамытуға, жаңа орта табуына жағдай жасайды.

2026 жылы ЕҰУ-дың Инклюзивті қолдау орталығы инклюзивті волонтерлікті дамытуға бағытталған үш оқу семинарын өткізді. Іс-шараға Астанадағы жоғары оқу орындары мен колледждердің өкілдері қатысты.

Алдағы уақытта «1+2» жүйесін Қазақстанның басқа өңірлеріндегі білім беру ұйымдарына енгізу көзделіп отыр. Бұл ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттерге көмек көрсетуге және инклюзивті волонтерлікті өзге оқу орындарында да дамытуға жол ашады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі