
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ-ның тұрақты даму мақсатында жариялаған Халықаралық волонтерлер жылы аясында әлемнің түкпір-түкпірінде бірқатар іс-шара өтіп жатыр.
2026 жылғы 27-29 мамыр аралығында Португалияда CEV Spring Volunteering Congress конгресі өтті. Іс-шара 2026 жылғы Еуропадағы волонтерлер астанасы атанған Майя қаласында ұйымдастырылды. Еуропалық волонтерлер орталығы (CEV) өткізген конгресс барысында Experience IVY2026 in Europe тақырыбы төңірегінде өзекті мәселелер талқыланды.
Жиынға волонтерлермен бірге, мемлекеттік мекемелердің, жергілікті басқару органдарының, азаматтық қоғам ұйымдарының және жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Басқосуда волонтерлік қозғалысты дамыту, оның қоғамдағы рөлін күшейту және азаматтардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға қатысты пікірлер ортаға салынды.
Ирландияда 18-24 мамыр аралығында Volunteer Ireland ұйымы мен елдегі волонтерлік орталықтар желісінің ұйымдастыруымен еріктілер қозғалысының ұлттық апталығы өтті. Апталық қоғамның дамуына үлес қосып жүрген волонтерлердің еңбегін дәріптеуге бағытталды. Іс-шара барысында волонтерлердің дағдарыс жағдайларына ден қойып, жедел көмек көрсетудегі, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытудағы және қоршаған ортаны сақтау бағытындағы жұмыстарға атсалысудағы рөлі кеңінен насихатталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі