
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында «Коммерциялық емес ұйымдардың қызметі туралы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қаралды.
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов депутаттарға заң жобасына енгізілетін жаңа өзгерістер туралы баяндады.
Аталған заң жобасының мақсаты – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тиімділігі мен ашықтығын арттыру, сондай-ақ уәкілетті органға деректер ұсынатын коммерциялық емес ұйымдардың тізімін оңтайландыру арқылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласындағы заңнаманы жетілдіру болып табылады.
Вице-министр мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландырудың ұлғаюына байланысты оны орындау сапасына қатысты мәселе туындайтынын атап өтті.
«Сондықтан біз үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп елдегі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс нәтижелерін қалыптастыру, бақылау және бағалауды реттеуге бағытталған нақты заңнамалық түзетулерді дайындадық», - деді Абзал Нүкенов.
Құжат бірқатар заңнамалық актілердің мазмұнын қамтиды. Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске енгізілетін түзетулер коммерциялық емес ұйымдар туралы заңды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік субъектілердің қызметін нақтылауға бағытталған. «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы, Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мен сыйлықақылар туралы» Заңына «мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру» және «мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың нәтижелерін бағалау» сияқты жаңа ұғымдар енгізіледі. Сонымен қатар, уәкілетті органның және басқа да мемлекеттік органдардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың нәтижелерін қалыптастыру мен бағалауға қатысты құзыреті айқындалады.
«Коммерциялық ұйымдар туралы» Заңына енгізілетін түзетулер уәкілетті органға мәліметтер ұсынатын үкіметтік емес ұйымдардың тізбесін қысқартуға бағытталған. «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңына ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен Үкімет және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделінуде.
«Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар және мемлекеттік емес ұйымдарға арналған сыйлықақылар туралы» Заңына енгізілген түзетулерге сәйкес «Мемлекеттік сатып алулар туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР Заңдарына тиісті толықтырулар енгізіледі.