
Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев Қазақстандағы Оңтүстік Африка Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Кийтуметци Сийпило Тандека Мэтьюспен кездесу өткізді.
Кездесу барысында министр ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қызметі жайлы айтып, сондай-ақ екі ел арасындағы қарым-қатынастың нығаюы мен одан әрі дамуына сенім білдірді. Дархан Кәлетаев конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісінің ерекшеліктеріне тоқталып, елшіден Оңтүстік Африка еліндегі діни ахуал жайлы сұрады.
Мэтьюс ханым Оңтүстік Африкадағы діни жағдай туралы айта келе, барлық діндердің тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие екенін, ал дінді таңдау еркіндігі Конституцияда бекітілгенін атап өтті. Ол сондай-ақ, Оңтүстік Африкада дінаралық кеңес жұмыс істейтіндігін және оның қызметі туралы толық ақпаратпен бөлісуге дайын екенін айтты.
Бұдан бөлек, Оңтүстік Африка Республикасының елшісі Оңтүстік Африканың экс-президенті, әлемнің ең беделді мемлекет қайраткерлерінің бірі Нельсон Манделаның мұрасына құрмет көрсетіп, Қазақстанда оның 100 жылдығына арналған іс-шара өткізуді ұсынды. Сондай-ақ, Оңтүстік Африка Республикасындағы ислам тарихы туралы дәріс өткізуді ұйымдастыру жөнінде де ұсыныс білдірді.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар екі жақты және өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылық танытты.