
Дін мәселелері бойынша республикалық топтың мүшелері Маңғыстау облысында мақсатты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Республикалық топтың құрамында белгілі дінтанушы ғалымдар, имамдар, психологтар, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдері бар.
Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі ережелерін түсіндіру мақсатында республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы аудандарына барып, тұрғындармен және ірі кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесулер өткізді.
Түснідіру жұмыстары барысында деструктивті діни ағымдарды ұстанатын адамдармен мақсатты кездесулер өткізуге айрықша көңіл бөлінді. Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері сондай-ақ радикалдық діни көзқарасты ұстанатын, облыстың түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандармен жеке кездесулер өткізді.
Психологтар мен дінтанушылар оқушылармен және балаларына екпе жасатудан бас тартқан отбасылардың мүшелерімен, сондай-ақ радикалды идеологияның ықпалына түскен әйелдер қауымымен профилактикалық әңгімесулер жүргізді. Бұдан бөлек, коммуникативтік және кәсіптік біліктілікті арттыруға бағытталған психологиялық тренингтер ұйымдастырылды.
Қазақстанда 212 теологиялық және ақпараттық топ бар екенін, аталған топтарда 2,7 мыңнан астам маман жұмыс істейтінін естеріңізге сала кетеміз. 2017 жылы ақпараттық-түсіндіру топтары үшін 50 әдістемелік ұсыным әзірленді.