
«Бюджетке қатысу» жобасы қоғамдық қатысудың тиімді құралы болып танылды және қазірдің өзінде әлемнің 2000-нан астам қаласында қолданылуда.
«Zertteu Research Institute» қамқоршылық кеңесінің төрайымы Шолпан Айтенова «бюджетке қатысу» жобасын іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстанда шешім қабылдауға азаматтардың қатысуын кеңейту құралы ретінде бюджетке қатысуды қолдаудың айқын саяси еркі бар. Қазақстандағы бюджетке қатысудың алғашқы тәжірибесін Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа ауданы әкімдігі ұсынған болатын. Өткен жылы аудан тұрғындары аулаларды абаттандыру саласында 68 жобаны ұсынды, 40 жоба дауыс беруге жіберілді, 8 935 адам дауыс беріп, 13 жоба іске асыру үшін қаржыландырылған болатын, - деді Ш.Айтенова.
Шет елдерде қатысу бюджеті қоғамдық қатысудың тиімді құралы деп танылды және әлемнің 2000-нан астам қалаларында қолданылады.
Осыған байланысты, сарапшы азаматтық белсенділікті арттыру бойынша жұмысқа үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін тартуды ұсынады.
Естеріңізге сала кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың ел өмірінің барлық аспектілерін талқылауға қатысу қажеттігі туралы мәлімдеген болатын.
Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадр резервімен кездесуінде «Нақты өңір тұрғындарының мемлекеттік шығындарға қатысты пікірін ескеру мақсатында халықтың бюджетке қатысу жобасы іске асырылатын болады», - деді.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің деректері бойынша, елімізде азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға тартуға және әлеуметтік-экономикалық дамуға жәрдемдесуге бағытталған «Жергілікті қоғамдастықтардың әл-ауқаты: азаматтардың шешімдер қабылдауға қатысуы» әлеуметтік жобасы іске асырылуда.